Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада толассыз жауын салдарынан көшелерді су басып, тіпті LRT станциясының төбесінен су ақты

толассыз жауын
Фото: Видеодан скрин

23 шілде Астанада толассыз жауған жаңбыр салдарынан қала көшелерін су басты. Әлеуметтік желіде тараған видеолардан жолдардың өзенге айналып, жеңіл көліктердің су астында қалғанын көруге болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Нөсерден кейін қалада бұршақ жауып, найзағай ойнады. Ауа райының күрт құбылуы тұрғындарды әбігерге салды.

Осы уақытта әлеуметтік желілерде елордадағы “Сығанақ” LRT станциясының төбесінен су ағып жатқан видео да тарады. Кадрдан жаңбыр суының ғимарат ішіне сорғалап аққанын көруге болады. 

Оқиғаға қатысты City Transportation Systems (CTS) компаниясы түсініктеме берді. Компания мәліметінше, бұл жағдай апатқа емес, инженерлік жүйелерді іске қосу және реттеу жұмыстарына байланысты болған.

“Бұл жағдай инженерлік жүйелерді іске қосу-баптау жұмыстары барысында орын алды. Аталған жұмыстар аясында өртке қарсы жүйелердің жабдықтары тексеріліп, реттеледі. Сол кезде өрт сөндіру жүйесіне қызмет көрсетуге арналған технологиялық люктер ашылады. Кейбір жағдайда осы люктер арқылы ылғалдың енуі мүмкін”, – деп мәлімдеді CTS өкілдері.

Компания қазір ақауды жою және нысанды толық герметизациялау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Компания мәліметінше, Tarlan Astana станциясы штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада LRT рельсінде өрт шыққаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 23 Шілде, 2026 18:16
Талқылау