Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

25 жылда "Бәйтерек" холдингі агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруға 7,8 триллион теңгеден астам қаражат бағыттады

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау жүйесінің 25 жылдағы қорытындылары Jańa Dala / Green Day '2026 халықаралық мамандандырылған көрмесінде таныстырылды. 

Көрме аясында Аграрлық несие корпорациясы, "ҚазАгроҚаржы" АҚ және "Даму" қоры аграршыларды мемлекеттік қолдау бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен қолданыстағы қаржылық құралдарын ұсынды. Бүгінде бұл даму институттары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді несиелендіруден бастап ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға және мемлекеттік кепілдіктер алуға дейінгі барлық кезеңде сүйемелдейтін бірыңғай қаржылық экожүйені қалыптастырып отыр. 

Аграрлық несие корпорациясы үшін биылғы көрменің маңызы ерекше. 2026 жылы Корпорация өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы уақыт аралығында Корпорацияның қаржыландыру тетіктері арқылы агроөнеркәсіп кешеніне 6,1 триллион теңге бағытталып, 190 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мемлекеттік қолдауға ие болды. 2001 жылы небәрі жеті несиелік серіктестіктен басталған Корпорация бүгінде еліміз бойынша 257 қаржы институтын қорландыруды жүзеге асыратын агроөнеркәсіп кешенін қолдауға маманданған ірі даму институтына айналды. 

Бүгінде Аграрлық несие корпорациясы агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды қаржыландыру бойынша Қазақстандағы жетекші қаржы институты болып табылады. Корпорация қолдау көрсеткен жобалардың нәтижесінде елімізде өндірілетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің жалпы көлемінің 66%-ы сүт, 59%-ы құс еті, 47%-ы макарон өнімдері, 45%-ы өсімдік майы, 33%-ы нан және 28%-ы тауық жұмыртқасы өндіріледі. 

Корпорация қызметінің стратегиялық бағыттарының бірі – көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыру. 2010 жылдан бері бұл мақсатқа 2,3 трлн теңге бөлініп, соңғы бес жылда қаржыландыру көлемі 10 есеге артты. Бүгінде "Кең дала" бағдарламасы аясында Корпорацияның қолдауымен еліміздегі егістік жерлердің шамамен үштен бірі игеріліп жатыр.

Мемлекеттік қолдау жүйесінің маңызды буындарының бірі – "ҚазАгроҚаржы" АҚ. Компания агроөнеркәсіп кешенінің техникалық жаңаруын қамтамасыз етіп келеді. 

25 жыл ішінде компания ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жалпы құны 1,7 трлн теңгені құрайтын 96 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын лизингке ұсынып, еліміздегі жеңілдетілген лизингтің ең ірі операторы атанды. Сонымен қатар кейінгі үш жылда сатып алынған отандық ауыл шаруашылығы техникасының үлесі 90%-дан асты. 

Мерейтой жылы да компания жоғары жұмыс қарқынын сақтап отыр. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша "ҚазАгроҚаржы" АҚ 250,5 миллиард теңге сомасына қаржылық лизинг шарттарын жасасты. Былтырмен салыстырғанда екі есеге жуық жоғары көрсеткіш. 

Қаржыландырудың негізгі бөлігі 209,1 миллиард теңге жылдық 5%-дық жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Осы бағдарлама бойынша аграршылар 6381 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Жалпы алғанда, алты айда компанияның қызметін 3931 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші пайдаланды. Ал келіп түскен өтінімдердің жалпы көлемі 311,5 миллиард теңгеге жетіп, ауыл шаруашылығының машина-трактор паркін жаңартуға деген жоғары сұраныстың әлі де сақталып отырғанын көрсетеді. 

Аграршылар үшін қосымша қаржыландыру мүмкіндіктерін "Даму" қоры ұсынып келеді. Көрме барысында Қор мамандары кәсіпкерлерге мемлекеттік кепілдіктер, субсидиялау және жеңілдетілген қаржыландыру мәселелері бойынша кеңес берді. 

2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қор жалпы несие портфелі 1,06 трлн теңгені құрайтын 3,6 мың жобаны қолдады. Оның ішінде агроөнеркәсіп кешенінде жалпы сомасы 240,6 миллиард теңгені болатын 1 649 жобаға қолдау көрсетілді. 

"Бәйтерек" холдингінің даму институттарының жиынтық нәтижелері Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың ауқымын айқын көрсетеді. Қаржыландырудың, лизингтің және мемлекеттік кепілдіктердің заманауи құралдары ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына, өндірісті жаңғыртуға және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етуді жалғастырып жатыр.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 29 Шілде, 2026 14:10