Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар қоныс аударғаны үшін мемлекеттен 7 млн теңгені қалай ала алады

ақша бағдарлама
Фото: Stan.kz

Қазақстанда кадр тапшылығы бар өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы жаңартылып жатыр. Бағдарламадағы басты өзгеріс – экономикалық ұтқырлық сертификатының ең жоғары мөлшерінің 7 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік қолдаудың жаңартылған тетігі бағдарламаға қатысушыларға тек қоныс аударып қана қоймай, жаңа өңірден баспана сатып алуға да мүмкіндік береді.

"Экономикалық ұтқырлық сертификатының ең жоғары мөлшері енді 7 миллион теңгеге дейін (1 625 АЕК) ұлғайтылды. Бұл қаражатты қатысушылар жаңа қонысындағы жеке тұрғын үйді сатып алуға пайдалана алады. Өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың тек өңір ауыстыруына емес, жаңа жерде жайлы орналасып, баспаналы болып, тұрақты өмір сүруіне жағдай жасау", – делінген министрлік хабарламасында.

Тұрғын үй сертификатынан бөлек, қоныс аударушыларға көшуге арналған субсидия, тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызметтердің шығындарын өтеу, сондай-ақ жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шаралары сақталады. Бұған қоса, жаңа өңірге көшпей тұрып-ақ жұмыс берушіні таңдауға мүмкіндік бар. Ол үшін қабылдаушы өңірлерде бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылады.

 

Бағдарламаға кімдер қатыса алады?

Министрліктің мәліметінше, бағдарламаға қатысушылардың тізімі кеңейтілді. Бұрын ол негізінен жұмыссыз азаматтарға арналған болса, енді өтінімді сұранысқа ие мамандар, сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтарының басшылары да бере алады.

Өтінім беру, қоныс аударатын өңірді таңдау, сұранысқа ие мамандықтардың тізімімен танысу және бос жұмыс орындарын іздеу migration.enbek.kz порталы арқылы қашықтан жүзеге асырылады.

Министрліктің дерегінше, 2017 жылдан бері бағдарламаға 73,9 мың адам қатысқан. Олардың 31 мыңы жұмыспен қамту шараларының арқасында тұрақты жұмысқа орналасқан.

Кадрлар мына өңірлерге қажет:

  • Шығыс Қазақстан облысы – қоныс аударушылар үшін 409 квота;
  • Абай облысы – 255 квота;
  • Қарағанды облысы – 49 квота;
  • Ұлытау облысы – 125 квота;
  • Қостанай облысы – 485 квота;
  • Павлодар облысы – 3 050 квота;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 2 969 квота.

Ерікті түрде қоныс аударатын адамдарды мемлекеттік қолдау:

  • Жұмыскердің көшуі жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, бюджет қаражаты есебінен адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне көшуге, тұрғын үйді жалдау (жалға алу), коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге субсидиялар, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен экономикалық мобильділік сертификаттары түрінде материалдық көмек беруді;
  • Жұмыс беруші жұмыскерге тұрғын үй ұсынған жағдайларды қоспағанда, қызметтік тұрғынжай немесе жатақханалардан бөлме беруді;
  • Жұмыс берушінің қажеттілігі болған кезде кәсіптік оқытуды;
  • Жаңа тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесуді;
  • Жұмысқа орналасуға субсидиялар бере отырып, жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін ерікті қоныс аудару шараларына қатысатын жұмыс берушілерде жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді қамтиды.

Сондай-ақ көшуге арналған субсидиялар отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде беріледі.

Тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерді төлеу жөніндегі шығыстарды өтеу ай сайын, тұрғын үй сатып алғанға дейін беріледі, бірақ он екі айдан аспайды, мынадай мөлшерлерде:

Қалалық жерге қоныс аударғандар үшін:

  • Бір адам үшін 20 АЕК мөлшерінде;
  • Отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса 25 АЕК мөлшерінде;
  • Отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 30 АЕК мөлшерінде;

Ауылдық жерге қоныс аударғандар үшін:

  • Бір адам үшін 15 АЕК мөлшерінде;
  • Отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде 18 АЕК мөлшерінде;
  • Отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 21 АЕК мөлшерінде.

 

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 29 Шілде, 2026 12:00