Пәтерде 6 ай тегін тұрады: Отбасы банк салымшыларына арналған "Ипотекаға дейінгі кілттер" бағдарламасын таныстырды

Отбасы банк қазақстандықтарға арналған жаңа “Ипотекаға дейінгі кілттер” бағдарламасын таныстырды. Оған сәйкес салымшылар бағалау көрсеткіші 5-ке көтерілгенше пәтерде 6 ай тегін тұра алады. Айрықша мүмкіндік Gate City тұрғын үй кешенінен үй алғандарға беріліп отыр. Жаңа бағдарлама жайлы компания өкілдері “Ипотека Day” шарасында айтып берді.
“Ипотекаға дейінгі кілттер” жобасын Отбасы банк және "NEST STROY" құрылыс компаниясы бірге ұсынып отыр. Сондай-ақ пәтерлерге жөндеу жұмыстары жасалған, жиһазы да қойылған. Аудан көлемі 300 мың шаршы метрге тең және 5 000 пәтерге арналған Gate City тұрғын үй кешені Алматы маңында орналасқан жаңа технологиялық Алатау қаласында бой көтерген.
"Қазіргі ереже бойынша аралық заем алу үшін бағалау көрсеткіші (ОП) 5-ке жетуі керек, ол үшін 50% ақшаны салып, шамамен 6 ай күтесіз. Бұл айларда “қайда тұрамын?” деген үлкен проблема туындайды. Әсіресе, жас отбасыларға, бір бөлмелі үйін сатып, екі бөлмеліге көшкісі келетіндерге немесе үй жалдап отырғандарға аренда мен ипотеканы қатар төлеу өте қиын. Сол себепті біз “Nest Stroy” компаниясымен бірлесіп, "Ипотекаға дейінгі кілттер" жобасын бастадық. Сіз Gate City тұрғын үй кешенінен пәтер таңдап, депозитке 45–50% ақшаңызды құйсаңыз, осы таңдаған пәтеріңізде 6 ай бойы тегін тұра аласыз. Осы уақыт өткен соң несиені рәсімдеп, үйді өз атыңызға көшіресіз. Бағдарламада жас шектеуі жоқ: 40-та болсаңыз да, 60-та болсаңыз да қатыса аласыз. Баспананың тағы бір ерекшелігі — жөндеуі толық дайын, еденінде ламинат, қабырғасы сырланған. Сонымен қатар, базалық жиһаздары да бар: жатын бөлмеде төсек, тумбочкалар, шкаф, залында телевизор астына қоятын тумбалар, ал ас үйде ас үй жиһазы дайын тұр. Тек өзіңіз диван мен тұрмыстық техникаңызды аласыз”, – деді Отбасы банкі басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Акшанов.
Механизм қалай жұмыс істейді?
Қатысу схемасы барынша қарапайым. Банк клиенті "Gate City" тұрғын үй кешенінен пәтер таңдап, оны брондайды. Содан кейін ол Отбасы банкке келіп, депозит ашады және тұрғын үй құнының 50%-ын өзінің жинақ шотына салады, сондай-ақ өзінің төлем қабілетін растайды. Кейін клиент құрылыс салушымен алты айға дейінгі мерзімге жалға алу шартын жасасады. Кілттерді алып, пәтерге қоныстанады. Осы кезең ішінде депозиттегі бағалау көрсеткішінің мәні біртіндеп өседі. Ол кем дегенде 5-ке тең болуы тиіс. Мұндай мәнге әдетте 6 ай ішінде қол жеткізіледі.

Бағалау көрсеткіші 5 деңгейіне жеткеннен кейін клиент жылдық 8,5% мөлшерлемемен аралық қарыз алады және құрылыс салушымен сатып алу-сату шартын жасасады. Бұл ретте клиент тұрғын үйді жалға алу ақысын төлемейді. Тек коммуналдық қызметтерді ғана төлеу қажет.
“Біздің пәтерлер толықтай таза әрлеу жұмыстарынан өткен, пайдалануға берілген және қоныстануға дайын. "Отбасы банк" клиенттеріне "Наурыз", "Наурыз Жұмыскер" және "Ипотекаға дейінгі кілттер" бағдарламалары аясында пәтерлерді толық жиһаздалған күйде ұсынамыз. Бағасына келсек, бір бөлмелі пәтерлердің (42 шаршы метр) құны 19,8 млн теңгеден басталады. Екі бөлмелі пәтерлер (65 шаршы метрден бастап) – 29 млн теңгеден, ал үш бөлмелі пәтерлердің (86 шаршы метрден бастап) бағасы 35,5 млн теңгеден басталады. "Отбасы банкімен" бірлесіп әзірлеген "Ипотекаға дейінгі кілттер" бағдарламамыз өте ыңғайлы форматта жүзеге асырылады. Қолданыстағы стандартты талаптарға сәйкес, сатып алушы пәтер құнының 50%-ын депозитке салып, бағалау көрсеткішіне қол жеткізу үшін 6 ай күтуі керек. Ал біз, құрылыс компаниясы ретінде, бұл алты айды күтпей-ақ, пәтердің кілтін беріп, сатып алушыға бірден қоныстануға мүмкіндік ұсынамыз. Бұл қызмет тегін көрсетіледі. Осылайша сатып алушылар өз үйлерінде тұрып, тек коммуналдық қызмет ақысын төлейді. Ал алты ай өткен соң ипотеканы рәсімдей алады”, – деді Nest Stroy құрылыс компаниясының коммерциялық директоры Азамат Каскеленов.

“Ипотека Day” шарасы барысында қазақстандықтар пәтерлермен танысып, Отбасы банк қызметкерлерінен кеңес ала алды. Келушілерді тұрғын үй кешенінің аумағында мектептің болуы қуантқан. Нысан осы жылдан бастап жұмыс істейді. Келесі жылы балабақша ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ жол инфрақұрылымы дайын және көлік қатынасы ұйымдастырылған.

Тілшіміз Gate City тұрғын үй кешенінен пәтер алуды жоспарлаған азаматтардан салымды тез көбейту және ақшаны ұтымды жинау туралы лайфхактарын да біліп көрді. Мәселен, көпбалалы ана Самал Серікқызы алдымен мақсатыңды және оның бағасын айқындап алу керек дейді.
“Адамда ең алдымен нақты мақсат болуы керек және ол мақсатыңның қанша тұратынын дәл білуің қажет. Кейін оны мүмкіндігіңе қарай бір жылға, айға, тіпті әр күнге бөліп жоспарлайсың. Ең бастысы – қаржылық тәртіп. Кез келген затты сатып аларда: "Осы ақшаны қазір босқа шашқаным дұрыс па, әлде пәтеріме жинағаным дұрыс па?" деп ойланғанда ғана жинақ нәтиже береді”, – деді Самал Серікқызы.
Ал Бинур Жанқабылқызы үш пәтерін де Отбасы банк арқылы алған. Сөзінше, мемлекеттен беретін сыйақыны жыл сайын алу үшін ол отбасының әр мүшесіне шот ашқан.
“Бұрын үй алу қазіргідей күрделі емес еді. Жинаған 50% жарнаңды саласың да, 6 ай күтпей-ақ бірден баспанаңа қол жеткізесің. Біз алғашқы үйімізге қаржыны ауылда жүргенде мал ұстап, малды сату арқылы жинадық. Соның 50%-ын құйып, алғашқы баспанамызды алдық. Екінші үйге қол жеткізерде алдыңғы үйімізді саттық. Ал үшінші үйді аларда ақшаны банкте емес, өз қолымызда жинап жүріп, 50%-ын бірден салып алған едік. Біз мемлекеттік сыйақыдан қағылмас үшін отбасыдағы 5 адамға да жинақ ашып қоятынбыз”, – деді алматылық Бинур Жанқабылқызы.

Әрбір баспананың артында үлкен жоспар, асыл арман мен отбасылық жауапкершілік тұр, дейді банк салымшылары. Ал бүгінгі нарықтағы кедергілерге қарамастан, қаржылық сауаттылық пен жаңашыл ипотекалық шешімдер өз үйіңнің кілтін ұстауды едәуір жақындата түспек.
"Бір бие, бір жабағыдан бастадық": 40 жылдан бері жылқы баптап жүрген отбасы қымызмұрындықтың мәнін түсіндірді