Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сұлудың жоқ дегені – иә": Әділет Жауғашар даулы әні үшін кешірім сұрады

Әділет Жауғашар
Фото: Видеодан скриншот

Танымал әнші Әділет Жауғашар кейінгі уақытта қоғамда қызу талқыға түскен “Сүй иә” әніне қатысты пікір білдіріп, тыңдармандарынан кешірім сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кейінгі күндері қоғамда резонанс тудырған оқиғалардан кейін әлеуметтік желі қолданушылары әннің қайырмасындағы “Сұлудың жоқ дегені – иә” деген жолды сынға алған. Көпшілік бұл сөз тіркесін зорлық-зомбылықты немесе қыздың еркінен тыс әрекетті ақтайтын ұстаным ретінде қабылдаған.

Осыған байланысты әнші әлеуметтік желідегі парақшасында видеоүндеу жариялап, әннің жазылу тарихын түсіндірді.

Әділет Жауғашардың айтуынша, әннің мәтіні жазушы Әзілхан Нұршайықовтың сөзіне сүйене отырып жазылған. Алайда ол бүгінгі қоғамның өзгергенін ескермегендерін мойындады.

“Құрметті тыңдармандар, әлеуметтік желіде өзіме қатысты айтылып жатқан пікірлерді көріп, оқыдым. “Сүй иә” әнін жазғанда жазуш Әзілхан Нұршайықовтың сөзіне сүйендік. Бірақ ол кісі өмір сүрген қоғам мен қазіргі қоғамның айырмашылығын ескермеппіз. Бұл әннің көптің көңіліне тиетінін ойламадық. Өзім де зорлық-зомбылыққа қарсымын. Оның үстіне әкеммен емес, анамның тәрбиесінде өстім. Егер бұл ән сіздердің көңілдеріңізден шықпаса, енді оны орындамаймын. Баршаңыздан кешірім сұраймын. Сұлудың “жоқ” дегені – жоқ”, – деді әнші. 

Сонымен қатар өнер иесі өзіне қарсы бойкот жариялауға шақырған пікірлерге де тоқталды. Оның айтуынша, сын айту орынды болғанымен, өнер жолындағы еңбегін жоққа шығарып, концерттеріне бармауға үндеу жасау шектен шыққан әрекет.

“Пікірдің астында “Әділет Жауғашарға бойкот жариялайық”, “мұндай әншіні құрту керек”, “жақында Алматы аренада өтетін концертіне бармаңдар” деп те жазып жатыр екен. Бұл артықтау. Өмір бойы үлкен сахнаны, үлкен аренаны концерт беруді армандадық. Соған сәл қалған кезде, өйтпеңіздер”, – деді ол.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 29 Шілде, 2026 13:50
Талқылау