Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресей Павел Дуровқа халықаралық іздеу жариялады

Павел Дуров
Фото: TuckerCarlson / YouTube

Ресей Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровқа терроризмге жәрдемдесті деп айыпталып, халықаралық іздеу жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, бұған "Дайвинчик/Leo" танысу боты себеп болған. Ведомствоның мәлімдеуінше, аталған бот арқылы Украина арнайы қызметтерінің өкілдері ресейлік азаматтарды диверсиялық әрекеттерге тартқан.

Федералдық қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша, арнайы қызмет өкілдері алдымен өзін қыз ретінде таныстырып, жас азаматтармен байланыс орнатқан. Кейін әңгімеге өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған адамдар қосылып, оларды қорқытып, қауіпсіздік тексерісі деген желеумен өрт қою мен шабуыл жасауға итермелеген.

Ведомствоның дерегіне сәйкес, 2025 жылдың шілде айынан бері Ресейдің әртүрлі өңірлерінде жасы 12 мен 22 аралығындағы 46 адам ұсталған. Олар құқық қорғау органдары қызметкерлеріне шабуыл жасауға, инфрақұрылым нысандарын өртеуге және криптовалюта айырбастау сервистері арқылы ақша аударуға қатысты күдікке ілінген. Осы фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалған.

Ресей құқық қорғау органдары Павел Дуровтың халықаралық іздеуге жарияланғанын ресми хабарлады. Алайда жарияланым әзірленген сәтте Павел Дуровтың немесе Telegram компаниясы өкілдерінің бұл айыптауларға қатысты ұстанымы жарияланған жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Ресейде Telegram негізін қалаушы Павел Дуровқа терроризмге жәрдемдесу бабымен қылмыстық іс қозғалғаны туралы ресейлік БАҚ хабарлаған еді. Ақпаратқа сәйкес, айыптауға Telegram-да заңсыз контенттің уақытылы жойылмауы және платформаның қылмыстық әрекеттерде пайдаланылғаны туралы уәждер негіз болған. Дуровтың өзі бұл ақпаратқа қатысты әзірге ресми пікір білдірген жоқ.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 29 Шілде, 2026 11:26
Талқылау