9 миллиард теңгені жымқырған Sax Invest қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары сотталды

Ақтауда Sax Invest қаржы пирамидасын ұйымдастырған қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты. Мыңнан астам қазақстандықты алдап, 9 миллиард теңгеден астам қаржы жинаған топтың сегіз мүшесі 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтауда Sax Invest қаржы пирамидасын ұйымдастырған және басқарған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі жарияланды.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер өздерін инвестициялық қор ретінде таныстырып, азаматтарға бағалы қағаздарға, қаржы құралдарына және өзге де активтерге инвестиция салуды ұсынған. Сондай-ақ Африка елдеріндегі алмаз өндіру жобасына қатысып жатқанын айтып, халықтың сеніміне кірген.
2018-2022 жылдар аралығында қылмыстық схемаға Астана, Ақтөбе, Орал және Ақтау қалаларынан мыңнан астам адам тартылған. Салымшылардан жиналған қаражаттың жалпы көлемі 9 миллиард теңгеден асқан.
ОқыңызТергеу барысында қаржының басым бөлігі компанияның емес, ұйымдастырушылардың жеке есепшоттарына аударылғаны анықталды. Кейін бұл қаражат құмар ойындарға, пәтер сатып алуға, жеке тұрғын үй салуға және басқа да жеке қажеттіліктерге жұмсалған.
Сот ұйымдасқан қылмыстық топтың сегіз мүшесін кінәлі деп танып, оларды 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Сондай-ақ мемлекет кірісіне жеке тұрғын үй мен цифрлық активтер тәркіленді. Азаматтық талаптардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында сотталғандардың мүлкіне салынған тыйым сақталды. Оның ішінде екі автокөлік, екі пәтер және жер учаскесі бар.
Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте инвестициялық платформа ретінде жұмыс істеген "Капитал" қаржы пирамидасына қатысты тергеу басталған еді. Тергеу мәліметінше, ұйымдастырушылар азаматтарға 3-5 күн ішінде 30-50% табыс уәде етіп, 900-ден астам адамнан 700 миллион теңгеден астам қаражат жинаған. Қазіргі таңда іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
"Бір бие, бір жабағыдан бастадық": 40 жылдан бері жылқы баптап жүрген отбасы қымызмұрындықтың мәнін түсіндірді