“Бәріміздің әжеміз еді”: Желіде көпшілікке танылған Иба әжей дүниеден озды

Әлеуметтік желіде немересі Мәликамен бірге түсірген бейнероликтері арқылы көпшілікке танылған Иба әже өмірден өтті. Суыт хабарды оның немересі әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кейінгі жылдары Иба әже қазақы тәрбиені, үлкенге тән парасатты және қарапайым болмысты дәріптеген видеолары арқылы жұртшылықтың ықыласына бөленді. Немересінің түрлі сауалдарына өмірден түйген тәжірибесімен жауап беретін әсерлі әңгімелері миллиондаған көрерменнің көңілінен шыққан еді.
Қоштасу жазбасында Мәлика әжесінің соңғы күндері денсаулығы күрт сыр бергенін айтты. Оның сөзінше, әжесі өмірінің соңғы сәттерінде өзін көргенде ерекше қуанып, қолынан сүйіп қарсы алған.
"Ақ әжем-ау… Шашыңның әрбір ақ талына қарыздармын. Сені әрдайым күліп жүрген қалпыңда көрсетіп үйренген едім. Бүгін мұндай видеоны жариялау маған өте ауыр. Әжемнің жағдайы күрт нашарлап кетті. Мені көргенде "Сен келгесін болды ғой…" деп қолымды қайта-қайта сүйді. Әжем Иба Қарашаева үшін дұғада болыңыздаршы", – деп жазды ол.
ОқыңызҚаралы хабар тарағаннан кейін әлеуметтік желілерде көңіл айту жазбалары көбейді. Желі қолданушылары Иба әженің ақжарқын мінезі мен өмірлік даналығын еске алып, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтып жатыр.
Желі қолданушылары:
"Бәріміздің әжеміздей болып кетіп еді", "Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын", "Иманы жолдас болсын”, - деп марқұмның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтты.
Ақтөбеде мешіт қызметкері намаз оқуға келген екі жасөспірімді аяусыз ұрып-соққан