Ақтөбеде мешіт қызметкері намаз оқуға келген екі жасөспірімді аяусыз ұрып-соққан

Ақтөбеде орталық мешіттің қызметкері тарауық намазына келген екі жасөспірімді ұрған. Кәмелетке толмаған балалардың бірі соққы салдарынан жарақат алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға "Нұр Ғасыр" орталық мешітінде болған. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, мешіттің 38 жастағы қызметкері Бауыржан Оралов 15 жастағы жасөспірімді ұрып-соққан. Кейін оқиғаға байланысты тағы бір кәмелетке толмағанның да жәбірленуші ретінде танылғаны белгілі болды.
Нronika.kz порталының мәліметінше, жасөспірімдер мұнда тарауық намазына келген. Намаздан кейін жасөспірімдердің бірі аяқ киім арасынан кроссовканы көріп, досына көрсеткен де, қайта орнына қойған. Мұны мешіт қызметкері Бауыржан Уралов көріп, балалар ұрлық жасамақ болды деп ойлаған.
Іс материалдарына сәйкес, Уралов жасөспірімдердің бірін ұрып, араша түскен 15 жастағы баланы да аяусыз соққыға жыққан. Ер адам жасөспірімді жерге құлатып, басынан бірнеше рет тепкен. Оқиға мешіттегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Жәбірленуші есінен танып қалған. Дәрігерлер оған орташа дәрежелі ми шайқалуы мен ми жарақатын анықтаған. Ол ауруханада 20 күннен астам уақыт жатып, кейін бірнеше ай ем қабылдаған.
Қазір Бауыржан Оралов қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру) және 293-бабы 2-бөлігі (Ауырлататын мән-жайларда жасалған бұзақылық) бойынша айып тағылған. Дегенмен мешіт қызметкері де жасөспірімдердің үстінен арыз түсірген.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті Stan.kz тілшісіне аталған дерек бойынша қылмыстық істің тергеліп біткенін мәлімдеді.
"Ақтөбе қаласындағы "Нұрғасыр" мешітінде екі кәмелетке толмағанға дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданды", – деп хабарлады ведомство.
ОқыңызҚазіргі таңда іс соттың қарауына жіберілген. Күдіктіге қатысты түпкілікті шешімді сот шығарады.
Айта кетейік, бұл – соңғы уақытта қоғам назарын аударған "Нұр Ғасыр" мешітіне қатысты алғашқы оқиға емес. Бұған дейін дәл осы мешітте белгісіз ер адамның қызға тиіскені туралы видео әлеуметтік желіде тарап, жұртшылықтың қызу талқысына түскен еді. Ол мешітте қызға интимдік қатынас үшін бір реттік некеге тұруды ұсынған.
Ақтөбеде мешіт қызметкері намаз оқуға келген екі жасөспірімді аяусыз ұрып-соққан