Қазақстандағы мешіттерді кім бақылайды, имамдар қалай тағайындалады? ҚМДБ өкілі жауап берді

Қазақстандағы мешіттердің жұмысын кім қадағалайды? Имам болу үшін қандай талаптан өту керек, ал олардың уағызын кім бақылайды? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Stan.kz Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына қарасты діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлмен сөйлесіп, еліміздегі ханафи мәзһабының орны, имамдарды іріктеу жүйесі және діни қауіпсіздік қалай қамтамасыз етілетінін сұрап көрдік.
Қазақстанда мұсылмандардың басым бөлігі ғасырлар бойы ханафи мәзһабын ұстанып келеді. Хасан Аманқұлдың айтуынша, бұл бағыт қазақтың салт-дәстүрімен біте қайнасып, қоғамдағы діни тұрақтылықтың негізіне айналған.
"Ханафи мәзһабы – халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан дәстүрлі діни жолы. Бұл бағыт Құран мен сүннетке сүйеніп, ақыл-парасат пен ұлттық құндылықтарды қатар ұстанады. Сондықтан ол қазақтың салт-дәстүрімен үндесіп, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтуға қызмет етіп келеді. ҚМДБ да өз жұмысын осы ханафи мәзһабы мен матуриди сенім мектебі негізінде жүргізеді", – деді діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл.
Қазақстандағы барлық ресми мешіттердің қызметі бірыңғай жүйе арқылы үйлестіріледі. Теолог Хасан Аманқұлдың айтуынша, бұл тәртіп діни рәсімдердің бірізділігін сақтап, имамдардың жұмысын жүйелеуге мүмкіндік береді.
"Еліміздегі мешіттердің қызметін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы үйлестіреді. ҚМДБ құрамындағы облыстық өкілдіктер мен мешіттер біртұтас жүйе аясында жұмыс істейді. Осы құрылым арқылы имамдарды тағайындау, діни рәсімдердің бірізді орындалуын қамтамасыз ету, уағыз-насихат жұмыстарын ұйымдастыру, діни білім беру және қайырымдылық шараларын үйлестіру жүзеге асырылады", – деді ҚМДБ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл.
Қазақстанда имам болу үшін діни білімнің болуы ғана жеткіліксіз. Хасан Аманқұлдың айтуынша, әр үміткер бірнеше кезеңнен өтіп, жан-жақты тексеріледі.
"Имам қызметіне кез келген адам тағайындала салмайды. Әр үміткер арнайы аттестаттаудан өтіп, оның діни білімімен қатар тәжірибесі, адамгершілігі және халықпен жұмыс істеу қабілеті бағаланады. Барлық талаптан өткен кандидат қана имам болып тағайындалады", – деді Хасан Аманқұл.
Имам қызметке тағайындалғаннан кейін де оның жұмысы тұрақты бақылауда болады. Теологтың сөзінше, бағалау тек уағызбен шектелмей, қоғаммен байланыс пен ұйымдастырушылық қабілетті де қамтиды.
"Имамдардың қызметі тағайындалғаннан кейін де тұрақты түрде сараланып отырады. Бағалау барысында олардың уағыз-насихат жұмысы, діни сауаттылығы, жамағатпен байланысы, ұйымдастырушылық қабілеті және қоғамдық жұмыстарға қатысуы ескеріледі. Сонымен қатар ҚМДБ олардың кәсіби деңгейін көтеруге ерекше көңіл бөліп келеді. Осы мақсатта семинарлар, біліктілікті арттыру курстары мен тәжірибе алмасу бағдарламалары тұрақты түрде ұйымдастырылады", – деді Хасан Аманқұл.
Қазақстандық имамдардың біліктілігін арттыру тек ел ішінде емес, халықаралық деңгейде де жалғасып келеді. Соңғы жылдары жүздеген діни қызметкер арнайы курстардан өтіп, шетелдік және отандық оқу орталықтарында білімін жетілдірген.
"ҚМДБ имамдардың кәсіби білімін жетілдіруге жүйелі түрде инвестиция салып келеді. Әл-Азһар университетімен жасалған меморандум аясында 2025 жылы 14 діни қызметкер Каирде екі айлық біліктілік арттыру курсынан өтті. Алматыдағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру институтында 167 имам арнайы оқудан өтті. Бұдан бөлек, еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылған семинарларға 1389 діни қызметкер қатысып, олардың 1020-сы сертификат алды. Сондай-ақ "Хусамуддин ас-Сығанақи" ислам институтында мамандар мен қарилар даярланып, Құран ілімін дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді", – деді ҚМДБ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл.
Мешітте айтылатын әрбір уағыз өз бетінше дайындалмайды. Хасан Аманқұлдың айтуынша, ҚМДБ имамдарға ортақ бағыт беріп, уағыздардың мазмұны қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға негізделеді.
Хасан Аманқұлдың айтуынша, имамдар уағызды өз бетінше жүргізбейді. Жұма және айт уағыздарының тақырыптарын ҚМДБ бекітеді, ал мінберден бірлік, татулық пен дәстүрлі ислам құндылықтары насихатталады. Радикалды идеяларды дәріптеуге жол берілмейді. Мешіттердегі заң бұзушылық немесе радикалды көзқарас белгілері анықталса, қызметтік тексеру жүргізіліп, кінәлілерге тәртіптік шара қолданылады. Заң бұзу дерегі расталса, іс құзырлы органдарға жолданады. Хасан Аманқұлдың айтуынша, әлеуметтік желідегі кез келген діни ақпаратқа сене беруге болмайды. Ол азаматтарды діни мәселеде ҚМДБ-ның ресми дереккөздері мен білікті теологтардың пікіріне сүйенуге шақырып, қоғамды жікке бөлетін және радикалды көзқарасты насихаттайтын контенттен сақ болуға кеңес берді.
Оның сөзінше, имамға қойылатын талап тек діни біліммен шектелмейді. Имам халыққа үлгі болып, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға үлес қосуы тиіс. Ал бүгінгі басты қауіптердің бірі – әлеуметтік желілердегі тексерілмеген ақпарат пен радикалды идеологиялардың таралуы, сондықтан діни сауатты арттыру аса маңызды.
"Мешіттерде жастарға арналған "Құран әліппесі", "Ислам ғибадаты", "Ислам әдебі" және "Ислам тарихы" бағыттары бойынша тұрақты курстар өткізіледі. Осы сабақтар жастардың діни білімін толықтырып қана қоймай, олардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар мешіттерде дәрістер, кездесулер, қайырымдылық акциялары мен отбасы құндылықтарын насихаттайтын жобалар ұйымдастырылып, мешіттердің қоғамдағы ағартушылық рөлі күшейіп келеді", – дейді Хасан Аманқұл.
Діни сұрақ туындағанда кімге жүгінген дұрыс – имамға ма, әлде теологқа ма? Хасан Аманқұл бұл мамандардың қызметі әртүрлі екенін айтты.
"Ғибадат, шариғат талаптары мен діни рәсімдерге қатысты сұрақтар бойынша имамдарға жүгінген дұрыс. Ал діни ағымдар, діннің қоғамдағы орны, діни қауіпсіздік және қазіргі діни үдерістер туралы мәселелерді теологтар ғылыми тұрғыда түсіндіреді. Сондықтан азаматтар діни мәселелерде әлеуметтік желідегі күмәнді пікірлерге емес, білікті мамандар мен ресми ақпарат көздеріне сенуі қажет", – дейді Хасан Аманқұл.
Ақтөбеде мешіт қызметкері намаз оқуға келген екі жасөспірімді аяусыз ұрып-соққан