Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында жүргізуші жол жиегінде отырған балаларды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен

Жол апаты
Фото: Видеодан скрин

Алматы облысында Cobalt көлігінің жүргізушісі жол жиегінде отырған балаларды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Кадрлардан көліктің жол жиегінде отырған екі баланы қағып, тоқтамастан оқиға орнынан кетіп қалғанын көруге болады.

Алматы облысық полиция департаментінің мәліметінше, балаларды қағып кету дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. 

"Жол-көлік оқиғасынан кейін оқиға орнынан қашып кеткен 65 жастағы жүргізуші анықталып, ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайын объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", – делінген полиция хабарламасында. 

Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында екені атап өтілді.

Зардап шеккен балалар ауруханаға жеткізіліп, ота жасалған.

"Қарасай аудандық клиникалық көпбейінді орталық ауруханасына жарақат алған екі кәмелетке толмаған бала жеткізілді. Екі науқасқа да ота жасалып, отадан кейін анестезиология, жан сақтау және қарқынды терапия бөлімшесінде ем қабылдады. Қазір науқастардың бірі әрі қарай ем алу үшін хирургия бөлімшесіне ауыстырылды", – делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін Екібастұзда алты жасар бала көлік астына түсіп мерт болғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 05 Қазан, 2026 21:16