Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында студент қызды автобус трассада түсіріп кеткен, ал оны көлік қағып кеткен

қыз

Фото: Время

Қарағанды облысы Ботақара ауылының тұрғындары автобустар кешкі уақытта жолаушыларды елді мекенге кіргізбей, көлік көп жүретін тасжолдың бойында түсіріп кететінін айтты. Соның салдарынан 20 жастағы студент қыз жолдан өтер кезде көлік қағып, ауыр жарақат алған. Қыз шамамен бір апта жансақтау бөлімінде жатып, кейін тағы екі апта ауруханада емделген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қазір ол үйіне шығарылғанымен, толық қалпына келген жоқ.

“Алдымен сөмкесін көрдім”

9 тамыз күні кешке Серікбол Алдаберген қызы Өзгерісті күтіп алу үшін жолға шыққан. 20 жастағы студент Қарағандыдан жұмысынан қайтып келе жатқан. Бұл оның Алматыға оқуға кетер алдындағы соңғы жұмыс күні болған. Ол Алматыда физика мамандығында оқиды.

“Жолда қатты жылдамдықпен келе жатқан көлікті, кейін жолдың үстінде қызымның сөмкесін көрдім. Одан арғысын тұман арасындағыдай ғана есімде сақтаппын. Өзгеріс көліктен шамамен 15 метр жерде ес-түссіз жатты. Жедел жәрдем тез келіп, оны Қарағандыға алып кетті. Мен артынан бардым”, – деді әкесі.

Қыздың мойын омыртқасы, төрт қабырғасы мен қолы сынған. Сонымен қатар ауыр бас-ми жарақатын алған. Ол шамамен бір апта жансақтау бөлімінде, кейін тағы екі апта ауруханада жатқан.

Жақында ғана үйіне шыққан.

“Басы үнемі ауырады, көп нәрсені тез ұмытып қалады. Әзірге жүруі де, отыруы да қиын. Көп дәрі ішеді. Оның аман қалғаны – нағыз ғажайып”, – дейді әкесі.

“Фараның жарығын ғана есімде сақтаппын”

Өзгеріс сол кештегі оқиғаны үзік-үзік қана есіне түсіре алды.

“Соңғының алдындағы автобусқа үлгермей қалып, амалсыз соңғы автобусқа отырдым. Ол біздің ауылға кірмейді, сондықтан әкеме мені күтіп алуын сұрадым. Қараңғы түсіп кеткен еді. Автобустан түскен соң бірден жолдан өтпек болдым. Екі жаққа қарадым, көлік алыста сияқты көрінді. Кейін фараның жарығын көрдім. Одан кейін ештеңе есімде жоқ. Жансақтау бөлімінде көзімді аштым”, – дейді ол.

Қазір қыздың бір ғана тілегі бар – тезірек аяққа тұрып, оқуын курстастарымен бірге жалғастыру.

“Тезірек аяққа тұрып, оқуымды қатарластарыммен бірге аяқтағым келеді. Сонымен қатар менің оқиғам бәріне сабақ болса екен деймін. Енді ешкім зардап шекпесе екен. Автобустар жолаушыларды аялдамаға дейін жеткізіп, ауылға кіріп жүрсе екен”, – дейді Өзгеріс.

Осы сөз отбасы үшін негізгі сұрақты туындатады: автобус неге белгіленген аялдамаға бармай, жол бойында жолаушы түсірген?

Автобус неге ауылға кірмеген?

Ботақара ауылы республикалық маңызы бар тасжолдан шамамен 2,4 шақырым жерде орналасқан. Тұрғындардың айтуынша, күндізгі автобустар ауылға кіреді. Ал кешкі рейстерге қатысты мәселе бірнеше жылдан бері шешілмей келеді.

қызмет
Фото: Время

Олардың сөзінше, кешкі автобустар жолаушыларды тасжол бойында түсіріп, ауылға кірмей кететін болған. Сондықтан Өзгерістің әкесі де сол күні қызын өзі күтіп алуға барған.

Алайда жол-көлік оқиғасынан кейін автобустың соңғы рейсі бекітілген кесте бойынша Ботақараға кіруі тиіс болғаны анықталған.

Аудандық коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі бөлімінің міндетін атқарушы Нұркеш Шақманов мұны растады.

“Бекітілген кестеге сәйкес, соңғы рейсте автобус Ботақара ауылына кіруі керек. Алайда белгісіз себептермен кірмеген”, – деді ол.

мәселе
Фото: Время

Автопарк өкілдері жағдайды тексеруге уәде берді.

Автопарк №2 колоннасының бастығы Қанат Ысқақовтың айтуынша, егер жүргізушінің маршрут талаптарын бұзғаны анықталса, оған шара қолданылады.

“Егер шынымен менің жүргізушім кінәлі болса, жазасын алады. Оны рейстен шеттетіп, сыйақысынан айырамыз. Қазір мән-жайды анықтап жатырмыз. Мүмкін, автобуста бір ғана жолаушы болғандықтан ауылға кірмеген шығар. Болмаса қыз жол бойында түсуді өзі сұраған болуы мүмкін. Автобус ішінде нақты не болғанын енді анықтау керек”, – деді ол.

Бұл мәселе туралы бұған дейін де айтылған

Ең қызығы, аудандық коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі бөлімінің өкілдері кешкі рейстің ауылға кірмеуі туралы мәселенің бұған дейін де көтерілгенін айтады.

әкім
Фото: Время

Нұркеш Шақмановтың айтуынша, аудан және ауылдық округ басшылығы бұл мәселе бойынша облыстық жолаушылар көлігі басқармасына бірнеше рет жүгінген.

Ботақара әкімі Жанат Қапкенов те ауыл әкімдігі тарапынан тұрақты түрде хаттар жолданғанын растады. Ол бұл қызметті 2020 жылдан бері атқарып келеді.

“Осы жылдар ішінде облыстық жолаушылар көлігі басқармасына бірнеше рет хат жаздық. Жылына екі-үш реттен хат жолдап отырдық”, – деді ауыл әкімі.

Демек мәселе жергілікті билікке белгілі болған. Хаттар да жазылған. Оның үстіне ресми бекітілген кестеде соңғы рейстің ауылға кіруі қарастырылған. Алайда тұрғындардың айтуынша, іс жүзінде автобус ауылға кірмей келген. Ал автопарк өкілі бұл мәселе бойынша өздеріне ресми шағым түспегенін айтады.

“Егер басқармаға шағым түссе, олар бірден бізге жібереді. Бізге ондай шағым түскен  жоқ. Егер шағым түскенде, өзіміз тексеретін едік. Мен кейбір елді мекендерге өзім барып, автобустарды күтіп, видеоға түсіріп, жүргізушілерді жазалаған кездерім болды”, – деді Қанат Ысқақов.

Ауылға кіретін рейс 21 қыркүйектен бастап бекітілді

Тұрғындардың айтуынша, қызды көлік қағып кеткен тасжол өте көп көлік жүретін жер. Ауылға жақын маңда жылдамдықты төмендету туралы жол белгілері жоқ. Бұған дейін бұл жерде үй жануарларын көлік қағып кеткен жағдайлар да болған.

Аудандық коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі бөлімінің мәліметінше, 21 қыркүйектен бастап соңғы автобус рейсі Ботақара ауылына міндетті түрде кіретін болды. Бұл – ауыл тұрғындары бірнеше жылдан бері күткен шешім.

Ал Өзгерістің отбасы үшін бұл шешім қайғылы жағдайдан кейін ғана қабылданды.

Қазір 20 жастағы студенттің алдында ұзақ оңалту кезеңі тұр. Ол қайтадан жүруді, отыруды, зейін қоюды және есте сақтауды үйреніп жатыр.

Жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу жалғасып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін БҚО-да өрт сөндіру кезінде ТЖМ қызметкері өз бастығын көлікпен басып өлтіргені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 26 Қыркүйек, 2026 20:07