Маңғыстауда қаза болған әскери қызметкерлердің отбасына берілетін қаражат түгел жинақталды
Қазақстанда қаза болған және зардап шеккен әскери қызметкерлердің отбасына көмек көрсету үшін қаражат жинау ресми түрде аяқталды. Мұны “Қазақстан Халық Кеңесінің” мүшесі, Маңғыстау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған арнайы қордың жұмысына бақылау жасайтын комиссияны басқарады.
Бекмұрат Жүсіповтің айтуынша, қазір қорда қажет көлемде қаражат жинақталған. Қаражат жинауға “Қазақстан Халық Кеңесінің” мүшелері, Құрылтай депутаттары, саяси партия өкілдері, кәсіпкерлер, меценаттар және еліміздің түкпір-түкпіріндегі жанашыр азаматтар атсалысқан.
“Арнайы комиссияның төрағасы ретінде жиналған қаражаттың қаза болған әскери қызметкерлердің отбасылары мен зардап шеккендер арасында әділ әрі тең бөлінетініне кепілдік беремін. Бұл процестің ашық өтуін комиссия құрамына кірген мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері де бақылайды”, – деді Бекмұрат Жүсіпов.
Ол алдағы уақытта жұмыстың барысы мен қаражатты төлеу кезеңдері туралы қоғамды тұрақты түрде хабардар етіп отыратынын айтты.
“Қаржылай көмек жақынынан айырылынғандардың қайғысын жеңілдете алмайтынын түсінеміз. Дегенмен осындай қиын сәтте отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету – біздің міндетіміз. Сіздер бұл қайғымен жалғыз қалмайсыздар”, – деді комиссия төрағасы.
Бұған дейін Қазақстан Халық Кеңесі мүшелері қаза болған сарбаздардың отбасына 815 миллион теңге бөлетіні туралы жазған едік. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп “Integra Construction KZ” компаниясы қаза тапқан әскери қызметкерлердің әрқайсысының отбасына 25 миллион теңгеден бөлетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл көмектің әр отбасыға жеке берілетінін және мемлекет тарапынан берілетін қолдауға қосымша жәрдем екенін жеткізді.
Істің мән-жайы
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.
Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.
Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.
Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
"Әскерден келген соң үйленеміз деп еді": Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жақындары жанайқайын жеткізді
