Қазақстан Халық Кеңесі мүшелері қаза болған сарбаздардың отбасына 815 миллион теңге бөлмек
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтып, көмек көрсететінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп “Integra Construction KZ” компаниясы қаза тапқан әскери қызметкерлердің әрқайсысының отбасына 25 миллион теңгеден бөлетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл көмектің әр отбасыға жеке берілетінін және мемлекет тарапынан берілетін қолдауға қосымша жәрдем екенін жеткізді.
"Әрине, ешқандай ақша ата-ананың баласын қайтара алмайды. Бірақ осындай сәтте бірде-бір отбасы қайғысымен жалғыз қалмауы керек", – деді Шахмұрат Мүтәліп.
Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсетуге Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Ғаджи Ғаджиев те қосылды. Ол қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 100 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілетінін хабарлады.
"Әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқандардың рухына тағзым етеміз. Бүкіл ел болып қайғырып отырмыз", – деді ол.
Бұл мәлімдемеден кейін қайырымдылық бастамаға Қазақстанның әр өңірінен келген бизнес өкілдері – Қазақстан Халық Кеңесінің 17 мүшесі қосылғаны белгілі болды.
Allur Group директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев қаза тапқан әскери қызметшілердің әр отбасының әрқайсысына 25 миллион теңгеден бөлетінін мәлімдеді. Karazhal Operating компаниясының негізін қалаушы Жұмабек Жаныкулов 50 миллион теңге бөледі. Ал Бақыт Атайбеков, Дмитрий Лактюшин, Ақбаржон Исмаилов және Имамзада Шағыртаев әрқайсысы 10 миллион теңгеден аударады.
Геннадий Зенченко, Александр Куприенко, Сырым Ертаев және Лугмар Буларов 5 миллион теңгеден көмек көрсетеді. Сондай-ақ бастамаға Николай Арсютин, Рафаил Гаджибалаев, Манас Ташыбеков, Латипша Асанов және Абдулла Исматуллаев қосылды. Олардың әрқайсысы қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсету үшін 1 миллион теңгеден бөледі.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Каспий теңізінің жағалауында қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасыларына көмек көрсетуге 815 миллион теңге бағыттауға дайын. Қазақстан Халық Кеңесі Хатшылығының хабарлауынша, қаражат тікелей қаза тапқандардың отбасыларына беріледі.
Бұған дейін Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошанов әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен арнайы мемлекеттік комиссия құрылғанын және барлық қажетті көмек ұйымдастырылғанын атап өтті.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.
Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 12 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды, қалғандарын іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.
Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Қазақстанда күз келсе де күн неге жаздағыдай жылы: Cиноптиктер себебін айтты
