Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңаөзенге жаңа әкім тағайындалды, ал экс-әкім басқа ауданға басшылық қызметке кетті

әкім
Фото: gov.kz

Сымбат Төретаев Жаңаөзен қаласының әкімі болып тағайындалды. Ол бұл қызметте Жансейт Қайнарбаевты алмастырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Маңғыстау облысы әкімдігінің хабарлауынша, Президент әкімшілігімен келісілгеннен кейін облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың өкімімен Сымбат Төретаев Жаңаөзен қаласының әкімі болып тағайындалған.

Ал Жаңаөзеннің бұрынғы басшысы Жансейт Қайнарбаев Маңғыстау облысы Қарақия ауданының әкімі болып тағайындалды. Қайнарбаевтың кандидатурасы Президент  әкімшілігімен келісілген. Тиісті өкімге облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қол қойған.

Сымбат Төретаев туралы не белгілі?

Сымбат Қуанышұлы Төретаев 1978 жылы 27 қаңтарда Маңғыстау облысы Ералиев ауданының Жетібай ауылында дүниеге келген.

Еңбек жолын 2000 жылы Маңғыстау облысы ішкі істер басқармасында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі қызметінен бастаған. Кейін аға жедел уәкіл, аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл болып жұмыс істеген.

2017-2019 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің аппаратындағы терроризмге қарсы іс-қимыл бөлімін басқарды.

2019-2023 жылдары Қарақия ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

2023 жылғы мамырдан осы уақытқа дейін Қарақия ауданының әкімі болды.

Айта кетейік, Жаңаөзен қаласының әкімі қызметін 2024 жылдан бері Жансейт Қайнарбаев атқарып келген.

Жансейт Қайнарбаев кім?

Жансейт Қайнарбаев 1984 жылы 20 мамырда Маңғыстау облысы Қарақия ауданының Құланды ауылында дүниеге келген.

Еңбек жолын 2006 жылы “Ақтау жолдары-07” ЖШС-де шебер болып бастаған.

2008-2009 жылдары “Құлагер” ЖШС бас механигінің орынбасары, ал 2009-2012 жылдары “ТрансСервисСитиСтрой” ЖШС директоры болды.

Кейін коммуналдық салаға ауысып, 2012-2014 жылдары “Тазалық” МКК бөлімін, 2014-2015 жылдары “Коммуналдық қызмет” МКК-ны басқарды.

2015 жылы Түпқараған ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Бұл қызметті 2016 жылға дейін атқарып, кейін алты жыл бойы аудан әкімінің орынбасары болды.

2022 жылы Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Ал 2024 жылы 12 ақпаннан бастап Жаңаөзен қаласының әкімі қызметін атқарды. Енді ол Қарақия ауданының әкімі болып тағайындалды.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысының әкімдігіне екі жаңа орынбасар тағайындалған еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 26 Қыркүйек, 2026 12:30