Салғырттық және кеме жүргізу ережелерін бұзу: Маңғыстауда әскери қызметкерлердің өліміне қатысты іс бойынша баптар аталды
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.
Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.
Премьер-министрдің орынбасары мемлекет қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасыларына қажетті әлеуметтік және материалдық қолдау көрсететінін атап өтті.
“Заңда көзделген материалдық көмектен бөлек, қолдау көрсеткісі келетін азаматтардан көптеген өтініш түсіп жатыр. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсететіндерін мәлімдеді. Олардың бірі әр қаза тапқан әскери қызметшінің отбасына 25 миллион теңгеден бөлді. Бірқатар ірі бизнес өкілдері де материалдық көмек көрсетуге ниет білдірді”, – деді премьер-министрдің орынбасары.
Қанат Бозымбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесіп, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына бағытталған барлық қаражаттың бөлінуін ашық әрі бақылауда ұстауды тапсырды. Ол көмектің атаулы түрде және толық көлемде көрсетілуі керектігін атап өтті.

Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың айтуынша, оқиғадан кейін медициналық мекемеге жеткізілген әскери қызметкердің жағдайы тұрақты. Сондай-ақ науқастың өміріне еш қауіп төніп тұрмағанын және қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.
Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 12 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды, қалғандарын іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.
Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Қазақстанда күз келсе де күн неге жаздағыдай жылы: Cиноптиктер себебін айтты