Тоқаев Қорғаныс министрлігін тексеру үшін комиссия құрды
Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйін, оның ішінде әскери құрылымдарды қаржы және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін тексеру үшін арнайы комиссия құрылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаевтың өкімімен орғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізетін комиссия құрылды.

Комиссия құрамына:
- Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева – комиссия төрағасы;
- Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов – комиссия төрағасының орынбасары;
- Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев;
- Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов;
- Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының Басшысы Мұрат Баймұқашев;
- Қаржы министрі Мәди Тәкиев;
- Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев;
- Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Әли Алтынбаев;
- Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин кірді.
Комиссия жүргізілген жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы жеті күн ішінде баяндауы тиіс. Өкім оған қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Істің мән-жайы
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.
Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметкерлердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.
Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажет сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.
"Әскерден келген соң үйленеміз деп еді": Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жақындары жанайқайын жеткізді