Каспийдегі сарбаздардың қазасына қатысты 5 лауазымды қызметкер ұсталды
Маңғыстауда әскери қызметкерлердің қазасына қатысты іс бойынша Қорғаныс министрлігінен 5 лауазымды тұлға ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақпаратты Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
“Қызметке салғырт қарау және корабль жүргізу қағидаларын бұзу бойынша ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген күдікпен Қарулы Күштердің жоғары және аға командалық құрамындағы жауапты лауазымды тұлғалар ұсталды”, – делінген жазбада.
Ұсталғандардың қатарында:
- ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы;
- екі әскери бөлімнің командирі;
- теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі;
- “Қайсар” катерінің командирі бар.
Барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оқиға қалай болған?
Әскери қызметкерлердің қаза болу фактісі бойынша Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу бөлімшесі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
Тергеу мәліметінше, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында, Ақтау қаласынан 43 шақырым жерде болған.
“Хазар Қорғаны – 2026” оқу-жаттығуы кезінде қолайсыз метеорологиялық жағдайда “Қайсар” катерінен жеке құрамды түсіру барысында әскери қызметкерлерді теңіз ағысы алып кеткен.
Тергеу нені анықтап жатыр?
Қазір тергеу барысында оқу-жауынгерлік міндетті ұйымдастыру және орындау кезінде шешімдердің қалай қабылданғаны зерттеліп жатыр.
Сонымен қатар:
- қауіпсіздік талаптарының сақталуы;
- гидрометеорологиялық жағдайдың ескерілуі;
- катердің техникалық жай-күйі;
- оқу-жаттығуды өткізуге жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеті;
- әскери қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары зерделенуде.
Қажет тергеу және процестік шаралар жүріп жатыр.
Тергеу қорытындысы бойынша барлық күдіктілердің әрекетіне заңда белгіленген тәртіппен құқықтық баға беріледі.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасының ерекше бақылауында.
Істің мән-жайы
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.
Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.
Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.
Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
