3 жасар қызды 60 жастағы ер адамға атастырмақ болған әке ұсталды
Пәкістанда 3 жасар қызын 60 жастағы ер адамға тұрмысқа бермек болды деген күдікпен әкесі ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Белуджистан провинциясының Ауғанстанмен шекаралас Чаман қаласында болған.
Полиция мәліметінше, Абдул Баки есімді ер адам үш жасар қызын Салах Уддин есімді 60 жастағы азаматқа 2,5 миллион пәкістан рупийіне, яғни шамамен 9 мың долларға атастырмақ болған.
Бұл келісім “уалвар” деп аталатын көне дәстүр аясында жасалған. Уалвар бойынша күйеу жігіт немесе оның отбасы қалыңдықтың туыстарына белгілі бір мөлшерде ақша төлейді.
Алайда полиция іске араласқан кезде келісілген ақша толық берілмегені анықталған. Сондықтан неке іс жүзінде жүзеге асып үлгермеген. Дегенмен ақша төленген жағдайда үш жасар қыз 60 жастағы ер адамның әйелі ретінде есептелуі мүмкін болған.
Оқиға әлеуметтік желіге тарап кеткеннен кейін жергілікті билік тергеу бастаған. Қыздың әкесі қамауға алынды. Ал Салах Уддин оқиға орнынан бой тасалап, қазір полиция оны іздеп жатыр.

Үш жасар қыз бен оның анасы полиция қорғауына алынған.
Тергеу барысында бұл істің қыздың жақында қаза тапқан әпкесі Шукрия Бибидің өлімімен де байланысы болуы мүмкін екені анықталған.
Полиция мәліметінше, Шукрия небәрі 13 жасында Салах Уддиннің ұлы Камранға 1,5 миллион рупий көлеміндегі уалвар ақысына тұрмысқа берілген. Кейін Камран әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталған. Қазір полиция екі отбасы арасындағы жанжалдың Шукрияның өліміне қатысы бар-жоғын да тексеріп жатыр.
Белуджистанда 2025 жылдан бері 18 жасқа толмағандарды некеге тұрғызуға заңмен тыйым салынған. Кәмелетке толмаған қызға үйленген немесе мұндай некені ұйымдастыруға көмектескен ересектер бірнеше жылға бас бостандығынан айырылып, айыппұл арқалауы мүмкін.
Соған қарамастан, балалар некесі Пәкістанда әлі де өзекті мәселе болып отыр. UNICEF дерегіне сүйенген The Media Line мәліметінше, Белуджистандағы жас әйелдердің 21,6%-ы 18 жасқа толмай тұрмысқа шыққан. Бұл көрсеткіш кедей отбасылар арасында бұдан да жоғары.
"Әскерден келген соң үйленеміз деп еді": Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жақындары жанайқайын жеткізді