Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Боксшы Данияр Елеусінов ұшақтағы оқиғадан кейін 10 тәулікке қамалды

боксшы
Фото: Видеодан скрин

Алматы әуежайында жолаушының әрекетіне байланысты FlyArystan әуе компаниясының Астанаға ұшатын рейсі кейінге шегерілді. Ұшақ көтерілуге аз уақыт қалғанда ер адам ұшудан бас тартып, әуе кемесінен перронға шығып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Осыдан кейін қажет тексеру шараларын жүргізу үшін барлық жолаушы ұшақтан түсіріліп, рейс кешіктірілген.

Оқиғаға олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің қатысы бары хабарланды. Жолаушылардың айтуынша, спортшы ұшақтан шығар алдында әйелімен сөзге келген.

Көлік полициясының мәліметінше, ер адамнан жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаңдық анықталған. Ол қоғамдық орында мас күйде болғаны, тыйым салынған жерде темекі шеккені, ұшу қауіпсіздігі мен әуе кемесіндегі тәртіп ережелерін бұзғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін бес әкімшілік бап бойынша жауапқа тартылған.

Сот оған 10 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады.

Айта кетейік, бұған дейін Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов Алматыдан Астанаға ұшатын рейстің кешігуіне себеп болғаны туралы жазған едік. Кейін оған бес әкімшілік хаттама толтырылғаны айтылды. 

Stan.kz
Сенбі, 26 Қыркүйек, 2026 18:15