Ақтауда қаза болған сарбаз Сержан Аяпбергенді ақтық сапарға шығарып салды
Ақтауда Қазақстан чемпионатының жүлдегері, Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан Сержан Аяпбергеннің жерлеу рәсімі өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтаудағы Рауан тұрғын алабында Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 20 жастағы әскери қызметкер Сержан Аяпбергенмен қоштасу рәсімі өтіп жатыр.

Қоштасу рәсімі өтіп жатқан үйге көліктер легі ағылып жатыр. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға көп адам жиналған. Қоштасуға келгендер үшін екі үлкен шатыр тігілген.
Жиынға Ақтау қаласының әкімі, жергілікті билік өкілдері, әскери қызметкерлер, марқұмның туған-туыстары мен жақындары қатысып жатыр.
Сержан Аяпберген – самбодан Қазақстан чемпионатының жүлдегері. Ол спортпен жеті жасынан бастап айналысқан. Алғашында дзюдомен шұғылданып, кейін самбоға ауысқан. Республикалық және халықаралық жарыстарға қатысқан.
Әскерден оралуына санаулы күн қалған
Сержан мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген. Әскерден оралғаннан кейінгі өміріне де жоспар құрып қойған.
Сержан әскерге дейін электр мамандығы бойынша колледж тәмамдаған. Алайда болашақ өмірін спортпен байланыстыруды жоспарлаған.
Ақтау әкімдігінің мәліметінше, Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан барлық әскери қызметкер әскери құрметпен ақтық сапарға шығарылады.
Істің мән-жайы
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.
Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметкерлердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.
Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.
"Әскерден келген соң үйленеміз деп еді": Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жақындары жанайқайын жеткізді