Маңғыстау облысының әкімдігіне екі жаңа орынбасар тағайындалды
Маңғыстау облысының әкімдігінде кадрлық өзгерістер болды. Ербол Избергенов облыс әкімінің бірінші орынбасары, ал Бекбол Орынбасаров әкімнің орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тиісті өкімдер Қазақстан республикасы Президенті Әкімшілігімен келісілгеннен кейін қабылданған.

Ербол Избергенов кім?
Ербол Күрентайұлы Избергенов 1973 жылы 11 тамызда Маңғыстау облысы Қарақия ауданының Құрық ауылында дүниеге келген.
Еңбек жолын 1991 жылы “Маңғыстаумұнайгазбарлау” кешенді экспедициясының құрылыс-монтаж учаскесінде тас қалаушы болып бастаған. Кейін құрылыс саласында, Ақтау қаласы әкімдігінде түрлі қызметтер атқарған.
Сонымен қатар Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары және Маңғыстау облысының құрылыс басқармасының басшысы болған.
Әр жылдары Инвестициялар және даму министрлігі мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде басшылық қызметтер атқарды.
2019-2020 жылдары “Ақтау теңіз порты” АЭА” АҚ басқарма төрағасының орынбасары болды. Кейін “Атамекен” өңірлік кәсіпкерлер палатасын басқарды.
2020-2023 жылдары Ақтау қаласы әкімінің орынбасары, кейін қала әкімі қызметтерін атқарды.
2024-2025 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болды. Ал 2025 жылғы 2 қыркүйектен бастап облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Енді Ербол Избергенов Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Бекбол Орынбасаров кім?
Бекбол Тілеумұратұлы Орынбасаров 1971 жылғы 18 маусымда Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында дүниеге келген.
Еңбек жолын 1993 жылы "Баутино" кеден бекетінің инспекторы болып бастаған. Кейін банк саласында, Ақтау қаласы әкімдігінде және өңірдегі мемлекеттік органдарда жұмыс істеді.
Сондай-ақ Ақтау қаласы әкімінің орынбасары және әкім аппаратының басшысы қызметтерін атқарған.
2006-2010 жылдары Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде, сондай-ақ “Каспий” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” ҰК” АҚ-да еңбек етті.
2010-2019 жылдары “Отырар Энерджи” және “Адай” ЖШС-ларын басқарды.
2020-2021 жылдары “Ақтау теңіз порты” АЭА” АҚ басқарма төрағасы болды.
2021-2023 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, кейін бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.
2023-2026 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының VII және VIII шақырылымдарының депутаты болды. Сенатта Қаржы және бюджет комитетінің құрамында жұмыс істеді.
Енді Бекбол Орынбасаров Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Істің мән-жайы
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.
Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметкерлердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.
Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.
"Әскерден келген соң үйленеміз деп еді": Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жақындары жанайқайын жеткізді