Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Президент қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айту жеделхаттарын жолдады

Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айту жеделхаттарын жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жеделхаттарды Маңғыстау және Түркістан облыстарының әкімдері, Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы және қоғам өкілдері оқып, марқұмдардың жақындарына табыстады.

Президент өз жеделхатында қаза болғандардың туған-туыстарына шынайы көңіл айтып, қолдау білдірді. Сондай-ақ отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілетінін және кінәлілердің заң аясында ең қатаң жазаға тартылатынын жеткізді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің мемлекеттік наградаларға ұсынылатынын атап өтті.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.

Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды. 

Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметкерлердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.

Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.

Дана Русланқызы
Жұма, 25 Қыркүйек, 2026 23:16