Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан тарихындағы он үшінші аза тұту: Бұған дейін қашан және не үшін аза тұту күні жарияланды

Аза тұту күні
Фото: gov.kz

24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейіп, салдарынан 19 әскери қызметкер Каспий теңізіне ағып кетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бұл – тәуелсіздік жылдары елімізде жарияланған 13-аза тұту. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді. Алайд кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 12 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды, қалғандарын іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың айтуынша, оқиғадан кейін медициналық мекемеге жеткізілген әскери қызметкердің жағдайы тұрақты. Сондай-ақ науқастың өміріне еш қауіп төніп тұрмағанын және қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті.

25 қыркүйекте бүкіл ел бойынша мемлекеттік мекемелерде, сондай-ақ шетелдегі дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарында мемлекеттік ту төмен түсірілді. Мерекелік мәдени-бұқаралық іс-шаралар тоқтатылды.

Алғашқы аза тұту күні 

Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні алғаш рет 2006 жылы жарияланған. Қыркүйекте Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахтада метан жарылып, 41 кенші көз жұмған еді. Нәтижесінде 22 қыркүйек аза тұту күні деп жарияланды.

Шахтадағы екінші ірі жарылыс 

Дәл осы аймақта 2 жыл өткен соң, 2008 жылдың 11 қаңтарда Абай қаласындағы шахтада апат қайталанып, 30 шахтер опат болды. Бұл кезде 14-16 қаңтар аза тұту күні деп жарияланған. 

Ел тарихындағы ең үлкен су басу

Ал 2010 жылдың 11 наурызында Қызылағаш бөгеті жарылып, ауылды толығымен су шайып кеткен еді. Салдарынан 45 адам көз жұмды. Оның ішінде 11-і балалар. Ел тарихындағы ең үлкен су басуға байланысты 16 наурызда Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. 

Арқанкерген қырғыны

2012 жылдың 30 мамырында "Шығыс" аймақтық шекара қызметі Үшарал отрядының "Сары бөктер" заставасында 12 шекарашы мен 1 қорықшының мәйіті табылғаны белгілі болды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Арқанкерген постының өртенгенін хабарлады. Ал 1 маусымда көз жұмған шекарашылар саны 14-ке жетті. Қанды қылмысқа байланысты борышын өтеп жүрген сарбаз Владислав Челах ұсталып, 11 желтоқсанда өмір бойына сотталды.

Шекара бекетіндегі қырғынға байланысты президент Нұрсұлтан Назарбаев аза тұту күні деп жариялады. 

Шымкенттегі ұшақ апаты

2012 жылдың 25 желтоқсанында Шымкент маңында ҰҚК шекара қызметінің ұшағы құлап, бортта болған 27 адам көз жұмған еді. Оның ішінде 7 экипаж мүшесі мен 20 шекарасы бар. Опат болғандар қатарында шекара қызметінің басшысы Тұрғанбек Стамбеков те болған. Қайғылы жағдайға байланысты 27 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. 

Алматыдағы жолаушылар ұшағының апаты

2013 жылдың 29 қаңтарында Алматы жанындағы Қызылту ауылы маңында Көкшетау-Алматы бағытындағы жолаушылар ұшағы құлап, бортта болған 5 экипаж мүшесі мен 16 жолаушы мерт болды. Challenger-200 "Scat” әуе компаниясына тиесілі болған. 21 адамның ажалына алып келген апатқа байланысты 31 қаңтар қаралы күн деп жарияланды. 

Ақтөбедегі терракт 

5 маусымда теріс діни ағымды ұстанатын бір топ адам қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуыл жасады. Атыс кезінде 21 адам ажал құшты. Оның 13-і радикалды топ өкілдері болса, 8-і бейбіт тұрғындар, қалған 3-і әскерилер еді. Қанды қырғынға байланысты 9 маусым бейбіт тұрғындар мен әскерилерді аза тұту күні деп жарияланды. 

Алматыдағы Bek Air ұшағының апаты

2019 жылдың 27 желтоқсанында таңғы 7:22 шамасында Bek Air әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы Алматы әуежайы маңында биіктікке көтеріле алмай, бетон қоршауды бұзып, екі қабатты үйге соғылды. Салдарынан бортта болған 12 адам көз жұмды. Ал 28 желтоқсанда елімізде қаралы күн жарияланды. 

Коронавирус пандемиясы 

Әлемдік коронавирус пандемиясына байланысты 13 шілдеде елімізде жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Астана уақыты бойынша 12:00-де коронавирустан көз жұмған азаматтарды еске алу үшін 1 минут үнсіздік жарияланды. 

Жамбыл облысындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында болған жарылыс

2021 жылы 26 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери бөлім аумағында оқ-дәрі қоймасында өрт пен жарылыс болды. Өрт инженерлік оқ-дәрілер сақталған қоймада тұтанып, бірнеше жарылыс болған. Апат салдарынан әскери қызметшілер, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері және әскери прокуратура өкілі қаза тапты. Кейін қаза болғандар саны 17 адамға жетті.

Қаңтар оқиғасы 

2022 жылдың 5 қаңтарында елде басталған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ресми ақпаратқа сәйкес 238 адам көз жұмды. Осыған байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қаңтарды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. 

Семей өрті

2023 жылы 12 маусым күні Семей орман резерватындағы өрт кезінде 14 орманшы көз жұмды. Осыған байланысты Абай облысына барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев 12 маусымды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Айым Болатқызы
Жұма, 25 Қыркүйек, 2026 09:03