Қорғаныс министрі қаза болған сарбаздардың отбасымен кездесіп, көңіл айтты
Қазақстанның Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза болған әскери қызметкерлердің отбасыларына барды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министр қаза тапқан сарбаздардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, отбасы мүшелерінің қайғысына ортақ екенін жеткізді.

“Олар біз үшін жай ғана әскери қызметкерлер емес – біздің қаруластарымыз, ұлдарымыз бен бауырларымыз. Олардың қазасы – барша Қарулы күштер үшін орны толмас ауыр қаза. Біз туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, осы қиын кезеңде олармен бірге боламыз”, – деді Дәурен Қосанов.

Қаза болған әскери қызметкерлердің арасында Мейрамбек Бердіханов, Азамат Мәдіхан және Дастан Бегей бар. Олар Жаңаөзен қаласынан, ал Мирас Тұрдыбекұлы Жетібай ауылынан мерзімді әскери қызметке шақырылған.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, сарбаздар әскери қызмет барысында өз міндетін жауапкершілікпен атқарып, тәртіпті әскери қызметкер ретінде танылған.
Дәурен Қосанов қаза болғандардың отбасылары көмексіз қалмайтынын айтты. Оның сөзінше, Қорғаныс министрлігі марқұмдардың жақынына жан-жақты қолдау көрсетіп, туындаған мәселелерді шешуге көмектеседі. Ведомство отбасылармен тұрақты байланыста болмақ.
Істің мән-жайы
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.
Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметкерлердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.
Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.
"Әскерден келген соң үйленеміз деп еді": Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жақындары жанайқайын жеткізді