Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Каспийде аман қалған үшінші әскери қызметкердің жағдайы қалай екені айтылды

сарбаз
Фото: gov.kz

Қорғаныс министрлігі Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде аман қалған үшінші әскери қызметкер туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде аман қалған үшінші әскери қызметкердің жағдайы белгілі болды. 

Қорғаныс министрлігі үшінші аман қалған әскери қызметкердің Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Никита Удалов екенін хабарлады. 

Ведомство мәліметінше, жас әскери қызметкер қазір дәрігерлердің бақылауында. Оның жағдайы қанағаттанарлық.

Бұған дейін Каспийдегі қайғылы оқиғадан Атырау облысының тұрғыны Бекет Қуандық пен Маңғыстау облысының тұрғыны Ақжол Темірханның аман қалғаны белгілі болған.

Ақжол ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түскен. Алайда келесі күні есін жиып, жағдайы тұрақталған. Ал Бекет те дәрігерлердің бақылауында.

Істің мән-жайы

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.

Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды. 

Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметкерлердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.

Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 26 Қыркүйек, 2026 07:47