Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Каспийде аман қалған атыраулық сарбаз жағаға өзі жеткен

Бекет Мырзағалиев
Фото: Әлеуметтік желіден

19 жастағы Бекет Мырзағалиевтің анасы ұлының ауруханаға жатқызылмағанын және қазір өзін жақсы сезінетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Ақ Жайық" порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұған дейін Бекеттің ауруханада жатқанын хабарлаған еді. Қайғылы оқиғадан кейінгі алғашқы сағаттарда туыстары оның аман екенін ғана біліп, оқиғадан кейін ауруханаға жеткізілді деп ойлаған. Таңертең Ақтауға келіп, ұлымен кездескеннен кейін ғана отбасы оның ауруханаға жеткізілмегенін білген.

Бекет Атырау облысының Махамбет ауылынан шыққан. Ол 2025 жылғы 3 қазанда әскер қатарына шақырылып, Ақтаудағы №29011 әскери бөлімінде борышын өтеген.

Анасының айтуынша, болған жағдай туралы хабар алған соң, отбасы бірден Ақтауға жолға шыққан.

“Құдайға шүкір, ұлым аман. Таңертең Ақтауға келіп, оны көрдік. Дені сау, өзі жүріп жүр. Ұлым өз күшімен жағаға жеткен. Қалған мәліметтер тексеру аяқталғаннан кейін белгілі болады деп ойлаймын. Балаларымыз әлі тым жас. Олардың басынан өткені өмір бойы есінде қалады”, – деді Қарлығаш Мырзағалиева.

Ол қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтты.

“Бұл – бүкіл Қазақстан үшін өте ауыр қайғы. Қазір ата-аналардың не сезініп отырғанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қаза болған жігіттердің аналары мен әкелеріне шын жүректен көңіл айтамын. Мұндай жағдайды енді ешкімнің басынан өткермесін”, — деді ол.

Қайғылы оқиғаның мән-жайы тергеу аясында анықталып жатыр.

Істің мән-жайы

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.

Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды. 

Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметкерлердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.

Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.

Айым Болатқызы
Жұма, 25 Қыркүйек, 2026 15:37