Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда қазан айынан бастап суық су мен кәріз қызметі қымбаттайды

тариф су баға
Фото: magnific.com

1 қазаннан бастап Алматыда су және кәріз қызметтерінің тарифтері өзгереді. Мегаполис тұрғындары үшін бір текше метр судың құны ҚҚС-ты қоса есептегенде 178,06 теңге болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Алматы Су" компаниясының жаңа тарифтері тұтынушылар санатына қарай белгіленеді. Тұрғындар үшін сумен жабдықтау құны 178,06 теңге, ал су бұру қызметі 119,46 теңге болады.

Ал бизнес үшін тариф жоғары. Заңды тұлғалар үші:

  • Бір текше метр судың құны – 362,18 теңге;
  • Су бұру қызметі – 264,75 теңге болады.

Осылайша, екі қызметтің жалпы құны бизнес үшін бір текше метрге 626,93 теңге болмақ.

Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарға, сондай-ақ мемлекетке дауыс беретін акцияларының немесе қатысу үлестерінің кемінде жартысы тиесілі ұйымдарға жеке тариф белгіленген.

"Бұл санат үшін бір текше метр судың құны ҚҚС-ты қоса есептегенде 649,60 теңге, ал су бұру қызметі – 189,14 теңге болады. Жалпы құны – 838,74 теңге", – деп хабарлады компания сайтында.

Су есептегіші жоқ тұтынушылар үшін су бұру қызметінің құны бөлек есептеледі.

"Суық суды бұру тарифі бір адамға айына 1791,85 теңге, ыстық суды бұру – 376,29 теңге болады. Ал есептегіш орнату техникалық тұрғыдан мүмкін емес ескі және апатты үйлердің, сондай-ақ жатақханалардың тұрғындары үшін бұл қызметтің құны бір адамға 641,48 теңге болады. Есептегіші жоқ бір адам үшін тұрмыстық суық сумен жабдықтау және суық суды бұру қызметтерінің жалпы құны ҚҚС-ты қоса есептегенде айына 4462,75 теңге болады", – делінген "Алматы Су" тарифтер кестесінде.

Бақшаны, көгалды, гүлзарлар мен ағаштарды суару үшін де жеке норматив белгіленген. 1 қазаннан бастап бір сотық суару алаңы үшін ай сайынғы тариф ҚҚС-ты қоса есептегенде 1780,60 теңге болады.

Айта кетейік, суару маусымы 15 сәуірден 15 қазанға дейін, яғни алты айға созылады. Суару үшін суды 23:00-ден 05:00-ге дейін пайдалануға рұқсат етіледі.

Айым Болатқызы
Жұма, 25 Қыркүйек, 2026 13:05