"Әкем алкогольге тәуелді болды": Тимур Балымбетов балалық шағындағы ауыр кезеңді еске алды
Тележүргізуші Тимур Балымбетов “Отец” подкастына берген сұхбатында балалық шағындағы ауыр кезеңді еске алып, әкесінің алкогольге тәуелділігі отбасына және өзінің қалыптасуына қалай әсер еткенін ашық айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Балымбетовтің сөзінше, отбасында әкесі ішімдікке салынып, анасы мұғалім болып жұмыс істеген. Қаржылық қиындықтар да болған. Үйдің үлкені болғандықтан, жауапкершіліктің басым бөлігі оның мойнына ерте түскен.
“Мен өмір бойы бір жүкті арқалап келе жатқандай сезінемін. Мен – әкесі алкогольге тәуелді болған отбасында өскен баламын”, – деді ол.
Оның айтуынша, жасөспірім кезінде науқас әжесіне қарау үшін бөлек тұруына тура келген. Ол кезде шамамен 13 жаста болған. Дәл сол шақта балаға тірек пен қолдау аса қажет болғанын қазір анық түсінетінін айтады. Үйдегі тұрақсыз жағдайдың салдарынан отбасы мүшелері кейде түнде үйден кетуге мәжбүр болған.
Балымбетов әкесінің бастапқыда мейірімді, ашық-жарқын адам болғанын да жасырмады. Алайда уақыт өте келе тәуелділік оны өзгертті.
“Мен әкемнің екі түрлі кезеңін көрдім. Бала күнімде оны жақсы көретінмін. Ол мейірімді, елгезек, ашық адам еді. Бірақ кейін тәуелділігі барған сайын күшейіп, бір сәтте сол ғана қалғандай болды”, – деді ол.
Тележүргізуші осы жағдай оның адамдардың көңіл күйін тез аңғарып, айналасындағылардың сезіміне тым сезімтал болуына әсер еткенін айтты. Бала кезінде ол әкесінің туған күніне мас не сау келетінін, анасының көңіл күйін қалай көтеруге болатынын үнемі ойлап жүрген.
“Сен үнемі бақылап жүресің: әкең туған күніңе сау келе ме, мас келе ме? Анаңның көңіл күйі қандай? Оны қалай жұбатуға болады? Осындай режимде өмір сүресің. Кейін бұл сенің аман қалу тәсіліңе айналады”, – деді Балымбетов.
Ол балалық шақтағы жарақаттың адамның кейінгі өміріне де ықпал ететінін атап өтті. Тимур Балымбетовтің сөзінше, есейген соң адам басынан өткен жағдайды ғана емес, сол кезде оның ішінде қандай сенім қалыптасқанын да түсінуі керек.
Өзі бала кезінде “мен болмасам, бәрі күйреп қалады, анама қиын болады” деген жауапкершілікті сезініп өскенін айтты. Оның пікірінше, адам есейгеннен кейін сол ішкі сенімдерді қайта қарауға өзі жауапты.
Сонымен қатар Балымбетов әкесінің анасына қол көтергенін көрмегенін, бірақ үйде жанжал жиі болғанын жеткізді. Ол мұны әкесінің үнемі мас келуі, отбасының ауыр тұрмысы және 1990-жылдардағы қиын кезеңмен байланыстырды.
