Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәл арыққа апаратын жаяу жүргіншілер өткелі Алматы тұрғындарының наразылығын тудырды

оооооо
Фото: Әлеуметтік желіден

Алматы тұрғыны Ремизовка ауданындағы Үшкемпіров көшесінде жаяу жүргіншілер өткелінің салынуына шағымданды. Оның айтуынша, балаларды балабақшадан алып кеткенде күн сайын осы жолмен жүреді. Алайда дәл су ағатын арыққа салған. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Автор өз жазбасында жаяу жүргіншілер жолағын жасап біткеннен кейін, сұрақ туындағанын жазған.

"Бұл “өнер туындысы” сізге ұнады ма? Мұны мақұлдап, сызбасын жасаған адамның логикасы мені қызықтырады", — деп жазылған Threads желісіндегі жазбада.

Фотодан көрінгендей, жаяу жүргіншілер өткелі тротуардың су ағатын науасы орналасқан бөлігінен басталып, қарсы бетке өтеді. Ал ол жерде де толыққанды тротуар жоқ. Жазба авторы мұндай өткелдің балалы ата-аналар мен балалар арбасын пайдаланатын адамдарға қолайсыз екенін атап өткен.

Әкімдіктің мәліметінше, 2026 жылы Үшкемпіров көшесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Тапсырыс беруші — Алматы қаласы Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы, ал мердігер — "Қаз Снаб Строй Сервис" ЖШС.

Әкімдік жол инфрақұрылымы нысандарындағы жаяу жүргіншілер өткелдерін орналастыру Алматы полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасымен келісіліп жасалуы тиіс екенін атап өтті. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін Әкімшілік полиция басқармасы реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелін орналастыратын орынды келісіп берген. Осыдан кейін учаскеге жол белгілері түсіріліп, мердігер ұйым жаяу жүргіншілер аймағына жалғастырма жол жасаған.

"Осылайша, жаяу жүргіншілер орны өз бетінше анықталмаған. Ол Әкімшілік полиция басқармасының келісіміне және тұрғындардың өтініштеріне сәйкес белгіленді", — деп хабарлады әкімдік.

Сондай-ақ әкімдік аталған учаскедегі өткелді абаттандыру жұмыстары аяқталғанын мәлімдеді. Жол таңбасы түсіріліп, жаяу жүргіншілер аймағына жалғастырма жол жасалған.

Алайда әкімдік жаяу жүргіншілер өткелі неліктен адамдарға қолайсыз жерде орналасқаны туралы сұраққа жауап бермеген.

Ислам Әден
Жұма, 25 Қыркүйек, 2026 12:33