Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ешбір ата-ана баласының артында қалмасын": Өнер жұлдыздары Каспийдегі қасіретке үн қатты

Каспий жағасы
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Қазақстандық шоу-бизнес өкілдері Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына көңіл айтты. Өнер иелері әлеуметтік желідегі парақшаларында қара жамылған отбасылардың қайғысына ортақтасып, марқұмдарды еске алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Продюсер, актер Нұрлан Қоянбаев Каспий теңізіндегі қайғылы жағдайдың бүкіл елді есеңгіреткенін жазды.

“Отан алдындағы борышын өтеп, ел тыныштығын қорғап жүрген әскери қызметшілердің қазасын бәріміз ауыр қабылдап отырмыз. Қаза болғандардың отбасыларына, туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Бұл қайғылы оқиғаның себебі ашық әрі әділ анықталуы керек”, – деді ол.

Әнші әрі актриса Жанар Айжанова да қыршын кеткен сарбаздардың жақындарына көңіл айтты.

“Жас сарбаздардың жаны жәннатта болсын. Баласынан айырылып, қан жұтып отырған аналарға, ұлынан айырылған әкелерге, барша туған-туысқа көңіл айтамыз. Баласының аман-есен үйге оралуын күткен қаншама жанның үміті үзілді. Амал нешік... Қайғыларыңызға ортақпыз”, – деп жазды өнер иесі.

Актриса Айнұр Ілиясова да марқұмдардың отбасыларына сабыр тіледі.

“Бүгін Қазақстанда Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қайғылы қазаға ұшырауына байланысты жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Қаза болғандардың отбасыларына, туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Орны толмас қазаға төтеп берер күш-қуат пен сабыр тілейміз. Имандары саламат болсын”, – деді ол.

Әнші Димаш Құдайберген де көңіл айтып, бұл қасіретті ауыр қабылдағанын жеткізді.

“Біздің Ақтауда көз жұмған 18-19 жасар інілерімді қимай, жүрегім ауырып, айтуға сөз таба алмай отырмын. Балалық кезеңнен енді ғана шығып келе жатқан жап-жас ғұмырлардың осылайша үзіліп кеткені…” – деп жазды Димаш Құдайберген.

Өнер иесі қаза болғандардың ата-аналарына, туған-туыстары мен жақындарына сабыр тілеп, марқұмдардың рухына дұға бағыштады.

“Қаза болған бауырларымыздың ата-анасына, туған-туыстарына, жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Алла жүректеріңізге сабыр, өздеріңізге күш берсін. Інілерімнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Жандары жәннатта болсын”, – деді әнші.

Сондай-ақ Димаш Құдайберген елімізде мұндай қайғылы жағдай енді қайталанбасын деген тілегін білдірді.

“Уа, құдіреті күшті Алла, інілерімді алдыңнан жарылқағайсың. Ешбір ата-ана баласының артында қалмасын. Елімізде мұндай қасірет енді қайталанбасын”, – деп жазды ол.

Әнші Жанар Дұғалова да қаза болған жас сарбаздардың өліміне байланысты көңіл айтып, бұл жағдайды ана ретінде ауыр қабылдағанын жеткізді.

“Аналық жүрегім сыздап, жылап жатыр… 19-20 жасар балалар! Алла ата-аналарына сабыр берсін. Жандары жәннатта болсын”, – деп жазды Жанар Дұғалова.

Әнші Алтынай Жорабаева болған жағдайды бүкіл елге ортақ ауыр қаза деп атады.

“Қыршын кеткен сарбаздарымыздың ата-аналары мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Бұл – барша қазақстандық үшін орны толмас қаза”, – деп жазды әнші.

Ақбота Керімбекова да қара жамылған отбасыларға сабыр тіледі.

“Ақтауда қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына Алла сабыр берсін. Ел қорғауға аттанған өрімдей жастардың өмірден өтуі – бәріміз үшін ауыр қаза. Жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз”, – деді ол.

Актер Данияр Хизметов те әлеуметтік желіде қайғылы оқиғаға қатысты жазба жариялады.

“Елімізде өте ауыр жағдай болды. Қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтамыз. Мұндай сәтте сөз табудың, пікір айтудың өзі қиын. Алла әр адамның өмірін сақтасын”, – деді актер.

Сондай-ақ Толқын Забирова, Ләйлә Сұлтанқызы, Аша Матай, Жеңіс Ысқақова, Сәкен Майғазиев, Ерке Есмахан, RaiM, Ирина Тен және басқа да өнер өкілдері қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.

 

Істің мән-жайы

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.

Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды. 

Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.

Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.

Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 25 Қыркүйек, 2026 12:05