Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өзбекстандағы энергожүйенің істен шығуынан Қазақстанның оңтүстік аймағында жарық өшті

Жарық
Фото: istockphoto.com

KEGOC жүйелік операторының мәліметінше, сағат 05:02-де Өзбекстанның энергетикалық жүйесінде қуаты 1516 мегаватт болатын генерация жоғалған. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Бұл Орталық Азияның біріккен энергетикалық жүйесі тарапынан қуаттың күрт артуына себеп болды. Соның салдарынан "Солтүстік–Оңтүстік" транзитінің күтпеген бөлінуі орын алған.

Ақау Қазақстан тұтынушылары үшін уақытша шектеулер енгізілуіне әкелді. Елдің энергетикалық жүйесінде ажыратылған жүктеменің жалпы көлемі 962 мегаватты құрады. Компанияда апатқа қарсы автоматика штаттық режимде жұмыс істегенін атап өтті. Абырой болғанда, мамандар жағдайды реттеді. Сағат 05:43-те Қазақстанның оңтүстік энергетикалық аймағы мен Орталық Азияның біріккен энергетикалық жүйесінің параллель жұмысы толық қалпына келтірілді. Оператор тұтынушыларға қойылған барлық шектеулерді алып тастау туралы тапсырма берді.

"KEGOC" ұлттық компаниясы елдің бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің жүйелік операторы болып саналады. Кәсіпорын 1996 жылы құрылып, Ұлттық экономика министрлігінің қарамағындағы ұлттық электр желісін басқарады. Компанияның негізгі акционері — "Самұрық-Қазына" қоры, оның үлесі 85%. Қалған 15% акция KASE және AIX биржаларында айналымда.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында компанияның кірісі 240,1 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 31,1%-ға өскен. Оператордың таза пайдасы 59,4%-ға артып, 54,6 млрд теңгені құрады. Маусым айының соңында компания активтері 1,22 трлн теңгеге жетті.

Соңғы айларда Қазақстанның энергетикалық жүйесінде бірқатар оқиға болды. Тамыз айының ортасында Алматыда блэкаут тіркелді. Кейін 25 тамызда KEGOC желілеріндегі кезекті ақау Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытындағы жабдықтардың апатты жағдайда тоқтауына себеп болған.

Ислам Әден
Жұма, 25 Қыркүйек, 2026 10:42