Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алатау Жарық Компаниясы" электр энергиясының шекті бағасы көтерілетінін хабарлады

Лампа
Фото: istockphoto.com

"Алатау Жарық Компаниясы" АҚ электр энергиясының шекті бағасы көтерілетінін хабарлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Алатау Жарық компаниясының” "Энергосбыт" филиалы электр энергиясын бөлшек саудада өткізуге арналған шекті бағаның көтерілетінін мәлімдеді. 

"Құрметті тұтынушылар! "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ-ның "Энергосбыт" филиалы электр энергиясын бөлшек саудада өткізуге арналған шекті бағаның 2026 жылдың 12 қыркүйегінен бастап қосылған құн салығынсыз (ҚҚС-сыз) 1 кВт·сағ үшін 39,30 теңгеге (ҚҚС-мен 1 кВт·сағ үшін 45,59 теңгеге) дейін көтерілетінін хабарлайды", – делінген ресми хабарламада.

Компания өкілдері Алматы қаласы мен Алматы облысының тұтынушылары үшін тарифтердің 2026 жылғы 12 қыркүйектен бастап өзгеретінін хабарлады. Бұған электр энергиясы бағасының өсуі себеп болған.

Тұтынушы топтары бойынша:

  • 1-топ: электр энергиясын тауар өндіруге (сатуға), жұмыстарды орындауға және қызмет көрсетуге байланысты емес, тек тұрмыстық қажеттіліктері үшін пайдаланатын жеке тұтынушылар – ҚҚС-сыз 1 кВт·сағ үшін 32,69 теңге (ҚҚС-пен 37,92 теңге);
  • 2-топ: электр энергиясын тұрмыстық қажеттіліктері үшін пайдаланбайтын тұтынушылар – ҚҚС-сыз 1 кВт·сағ үшін 43,13 теңге (ҚҚС-пен 50,03 теңге);
  • 3-топ: мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік кәсіпорындар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің) 50 және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар, ұлттық инвестициялық холдинг, ұлттық компаниялар және акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің) 50 және одан да көп пайызы ұлттық инвестициялық холдингке немесе ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдар, ҚР Ұлттық банкі құрылымына кіретін ұйымдарды және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің) 50 және одан да көп пайызы ҚР Ұлттық банкіне тиесілі немесе оның сенімгерлік басқаруындағы заңды тұлғаларды қоспағанда – ҚҚС-сыз 1 кВт·сағ үшін 43,43 теңге (ҚҚС-пен 50,38 теңге);
  • 4-топ: арнайы экономикалық индустриялық аймақтардың аумағында орналасқан тұтынушылар, ҚР Президенті Іс басқармасына және оның ведомстволарына қарасты ұйымдар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілер – ҚҚС-сыз 1 кВт·сағ үшін 39,30 теңге (ҚҚС-пен 45,59 теңге).

Жеке тұлғалар мен электр энергиясын тұрмыстық қажеттіліктерге пайдаланатын тұтынушылар үшін тариф электр энергиясын тұтыну көлеміне қарай, пәтерде/үйде тұрақты тұратын әр адамға есептеліп, электр плитасын пайдаланатын және пайдаланбайтын тұтынушылар үшін сараланады:

  • 1-деңгей тарифі – ҚҚС-сыз 1 кВт·сағ үшін 29,55 теңге (ҚҚС-пен 34,28 теңге);
  • 2-деңгей тарифі – ҚҚС-сыз 1 кВт·сағ үшін 39,23 теңге (ҚҚС-пен 45,51 теңге);
  • 3-деңгей тарифі – ҚҚС-сыз 1 кВт·сағ үшін 49,04 теңге (ҚҚС-пен 56,89 теңге).

Тұрмыстық қажеттіліктер үшін электр энергиясын пайдаланатын тұтынушылар тарифтік жоспарды бұрынғыдай өз бетінше таңдай алады. Ол үшін тиісті өтініш беру қажет.

Алматы облысы Жамбыл ауданының Үлкен ауылы тұтынушылары үшін тұтынылған электр энергиясына есеп айырысу кезінде электр энергиясын өткізу қызметінің тарифі барлық тұтынушылар тобына ортақ – ҚҚС-сыз 1 кВт·сағ үшін 19,89 теңге (ҚҚС-пен 23,07 теңге).

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда электр энергиясының шекті тарифтері өзгеретіні туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 07 Қыркүйек, 2026 20:04