Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"68 мың теңге келді": Қазақстандықтар коммуналдық қызмет бағасының күрт өсуіне шағымданды

коммуналдық төлем
Фото: magnific.com

Алматыдағы "Алма Сити" және "Премьера" тұрғын үй кешендерінің тұрғындары коммуналдық төлемдердің күрт өскеніне алаңдап отыр. Бірінде электр энергиясына бұрынғыдан екі еседен астам көп есеп келсе, енді бірінде ыстық су үшін 42 800 теңге көрсетілген. Тұрғындар есептің дұрыстығына күмән келтірді. Осыған байланысты Stan.kz "Алатау Жарық" компаниясынан мән-жайды толық сұрап білді.

"Алма Сити" тұрғындары электр энергиясы төлемдерінің есептелуіне қатысты күмән келтіріп отыр. Олардың айтуынша, соңғы айларда коммуналдық төлем көлемі айтарлықтай өсіп кеткен.

Алматыдағы тұрғындардың бірі электр энергиясына төлемнің соңғы айда күрт өскенін айтып, наразылығын білдірді. Оның сөзінше, екі адам тұратын пәтерге бұған дейін ай сайын шамамен 4 мың теңге көлемінде есеп келіп отырған. Алайда соңғы айда сома 9300 теңгеге дейін өскен.

Лаураның (аты өзгертілген) айтуынша, ол бұл үйде екі жылдан астам уақыт тұрып келеді. Осы уақыт ішінде мұндай жоғары сома алғаш рет келген.

"Біз осы үйді алғаннан бері, мүлік иелері ашылғалы екі жылдан асты. Сол уақыттың ішінде мұндай сома ешқашан келген емес. Үйде екі-ақ адамбыз. Жыл бойы тоққа, жарыққа 4000 теңгенің төңірегінде төлеп жүргенбіз. Күндіз үйде болмаймыз, жұмыстамыз. Сенбі күні де жұмыста боламыз, жексенбіде ғана үйде боламыз. Көбіне сыртта жүреміз, жазда еңбек демалысындамыз", – дейді Лаура.

Лаураның айтуынша, биыл көктемнің соңы мен жаздың басынан бастап төлем көлемі 5300-5800 теңгеге дейін өсе бастаған. Ол мұны тарифтің көтерілуімен байланысты болуы мүмкін деп ойлап, төлемді төлей берген. Алайда соңғы есепшоттағы 9300 теңге тұрғынның күдігін туғызған.

"Шілде айында кондиционерлерді қолданған кезде де 5800 теңге болып келді. Ал қазір 9000 теңгеге дейін қалай өскен? Біз үйде екі адамбыз, ешкім жоқ кезде кондиционер де қоспадық. Тамызда күн де салқындап қалды", – дейді Лаура.

Тұрғын есепшоттағы өзгеріске байланысты жауап іздеп, чатқа жазған. Оның айтуынша, мәселе тек бір пәтерге қатысты емес болып шыққан.

"Не үшін бұлай?" деп жаздым. Бүкіл чаттарда тұрғындар шулап жатыр. Осы айда бәріне сондай үлкен сумма келген. Бұл деген көп сома", – дейді Лаура.
жарыққа төлем
Фото: Лаураның жеке архивінен

Тұрғындар электр энергиясына есептеу тәртібі мен төлемнің күрт өсуінің себебіне қатысты түсініктеме беруді сұрап отыр. Мәселен, тұрғындардың бірі есептегіш көрсеткіші бойынша нақты тұтынуды есептегенде, түбіртектегі 37 мың теңге шамасындағы сомадан кейін төлемі 10 мың теңге болуы керек екенін жазған. Ал басқа тұрғын тек электр энергиясының өзіне 33 мың теңге келгенін, ал коммуналдық қызметтердің жалпы төлемі 55 мың теңгеге жеткенін айтқан.

Тұрғындар төлемнің не себепті ай сайын өсіп отырғанын түсінбей, есептеуде қате болуы мүмкін екенін сұрап отыр. Сондай-ақ электр энергиясы бойынша қарыздың есепке қалай түсетініне қатысты да сұрақ бар.

Тұрғындардың айтуынша, төлемді шамамен айдың 10-11 күндері жасайды, ал есептегіш көрсеткіштері 25-іне қарай алынады. Осыған байланысты түбіртекте қарыздың пайда болатыны айтылған. Тұрғындар жүйенің қалай жұмыс істейтінін және есептеудің нақты тәртібін түсіндіруді сұрайды.

Ал "Премьера" тұрғын үй кешенінің тұрғыны да жылу ақысының шамадан тыс көп шыққанына шағымданған. Тұрғын Самал Бауыржанқызы (аты өзгертілген) сөзінше, өткен айда электр энергиясына әлдеқайда аз төлем келген. Ол өткен айдың өзінде коммуналдық қызметтерге 11 мың теңгеден астам төлем жасаған. Ал осы айда оның коммуналдық шығыны 20 мың теңгеден асқан. Тұрғынның айтуынша, төлемдердің мұндай көлемде өсуі есептің дұрыстығына қатысты күмән туғызып отыр.

"Коммуналдық шығындар соңғы уақытта неге сонша көбейіп кеткенін түсіне алмай жүрмін. Алдымен, бәлкім, шынымен өзімнің тұтынуымнан шығар деп ойладым. Арнайы барып тексеруге уақыт болмағандықтан, төлемді төлеп қойдым. Жалпы коммуналдық төлемдерді ай сайын уақытылы төлеп отырамын", – дейді  Самал Бауыржанқызы.

Алайда келесі айда тұрғынды бұдан да жоғары сома күтіп тұрған. Осы жолы ыстық су үшін 42 800 теңге есеп келген.

"Соманың қалай есептелгені түсініксіз. Мәселені анықтау үшін су қызметіне хабарлассам, "міндетті түрде өзіңіз келуіңіз керек" деп, мекенжайын берді. Ол жерге бару үшін жұмыстан сұрануым керек. Барған соң кезекте тұрып, мәселені түсіндіріп, есептің дұрыстығын анықтап, қажет болса қайта есептетудің өзі қанша уақыт алатыны белгісіз", – дейді Самал Бауыржанқызы.
жылуға көп төлеген
Фото: Самал Бауыржанқызының жеке архивінен

Оның пікірінше, коммуналдық қызметтердегі есепке қатысты мәселені шешу үшін барлық жауапкершілікті тұтынушының мойнына жүктеу дұрыс емес.

"Коммуналдық қызметтердегі есепте қате кетсе, оны тұтынушының өзі уақытын шығарып, жұмыстан сұранып барып дәлелдеуі қаншалықты дұрыс? Ай сайын төлемін уақытылы жасап отырған азамат не үшін әр жолы осындай мәселенің соңынан өзі жүруі керек? 42 800 теңге – аз ақша емес. Сондықтан осы соманың қандай негізде есептелгенін және есепте қате кеткен жағдайда қайта есептеу қалай жүргізілетінін білгім келеді", – дейді Самал Бауыржанқызы.

Осылайша, Самал Бауыржанқызының айтуынша, бір айдың өзінде коммуналдық қызметтер үшін төлейтін жалпы сомасы шамамен 68 мың теңгеге жеткен. Оның ішінде электр энергиясына екі есе көп төлеген. 

Коммуналдық төлемдердің күрт өсуіне қатысты шағымдар Алматы тұрғындарымен ғана шектелмейді. Астана тұрғындары да соңғы айларда жарық, жылу және басқа да коммуналдық қызметтер үшін есептелетін соманың көбейгенін айтып, әлеуметтік желілерде наразылығын білдіріп жатыр. Мәселен, елорда тұрғындарының бірі Threads желісінде біріңғай төлем құжатына 40 200 теңге есеп келгенін жазған. Оның айтуынша, түбіртектегі кейбір сомалардың не үшін есептелгені түсініксіз.

"Коммуналдық қызметтерге 40 200 теңге бұл не үшін? "Астана Теплотранзитке" 9 мың теңге не үшін? Электр энергиясына 12 мың теңге қалай келді? Біз онсыз да зорға күн көріп отырмыз. Бағалар қалай өсіп жатыр?" – деп жазды елорда тұрғыны.

Оның жазбасына басқа да астаналықтар пікір қалдырып, өздеріне келген түбіртектердегі сомалардың жоғары екенін айтқан.

"Астана Теплотранзит" маған 9 400 теңге есептеді. Не үшін екенін түсінбеймін. Мамырдан бері жылу жоқ қой. Дүйсенбіде барып анықтаймын", – деп жазған тұрғындардың бірі.

Тағы бір астаналықтың айтуынша, оған жылу маусымы аяқталғанына қарамастан, төлем әдеттегіден жоғары келген.

коммуналдық төлем
Фото: Астаналық тұрғынның жеке архивінен

"Маған бүгін қыс мезгіліндегіден де көп сома көрсетілген түбіртек келді. "Теплотранзит" бойынша 11 мың теңге. Мамырдан бері жылу болған жоқ. 109-ға қоңырау шалсам, оператор бұл ыстық су үшін есептелгенін айтты", – дейді тұрғын.

Алайда коммуналдық төлемнің өсуіне әрдайым тарифтің өзгеруі ғана себеп бола бермейтіні де айтылып отыр. Кейбір тұрғындар есептегіш көрсеткіштері уақытында берілмеген жағдайда кейін нақты көрсеткіш бойынша қайта есептеу жүргізіліп, түбіртекте бірден үлкен сома пайда болуы мүмкін екенін атап өткен.

төлем
Фото: Астаналық тұрғынның жеке архивінен

"Алатау Жарық" тұрғындардың шағымына жауап берді

Тұрғындар кейінгі айларда электр энергиясына төлемнің күрт өскеніне шағымданып жатқан еді. Бұған дейін 4-5 мың теңге төлеп жүрген кей тұрғындарға 9 мың теңгеге дейін есеп келген. Осыған байланысты "Алатау Жарыққа" сауал жолданды. Компания тұрғындардың күдігін растады, себебі электр энергиясының тарифі шынымен өскен.

"2026 жылғы 12 қыркүйектен бастап Алматы қаласы мен Алматы облысының тұтынушылары үшін электр энергиясы тарифтері өзгерді", – деп жауап берді "Алатау Жарық".

Компанияның мәліметінше, бұған электр энергиясын сатып алу бағасының қымбаттауы себеп болған. Атап айтқанда, Бірыңғай сатып алушыдан электр энергиясын сатып алу бағасы 13 теңгеден 16 теңгеге дейін өскен.

"Электр энергиясын сатып алу бағасы сағатына 1 кВт үшін 13 теңгеден 16 теңгеге дейін, яғни 23%-ға өсті. Осыған байланысты 2026 жылғы 12 қыркүйектен бастап Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тұтынушылар үшін электр энергиясының тарифтері өзгерді. Тұрмыстық тұтынушылар үшін негізгі тариф сағатына 1 кВт үшін 37,92 теңге болып белгіленді. Ал тұтынылатын электр энергиясының көлеміне қарай сараланған тариф қолданылады. Осы ретте бірінші деңгейде – 34,28 теңге, екінші деңгейде – 45,51 теңге, үшінші деңгейде – 56,89 теңге болды”, – деп түсіндірді "Алатау Жарық" компаниясы.

Яғни электр энергиясын тұтыну көлемі артқан сайын қолданылатын тариф деңгейі де жоғарылайды деп түсіндірді компания.

Еске салайық, бұған дейін тұрғындардың тарифке күмәндануына бұған дейінгі қарыз мәселесі де себеп болған. Бұған дейін "Алатау Жарық компаниясы" Алматыдағы бірқатар тұрғын үй кешендері мен шағынаудандарда электр энергиясы бойынша миллиондаған теңге қарыз жиналғанын мәлімдеген еді. Сол тізімде "Алма Сити" тұрғын үй кешенінің де 306,2 миллион теңге берешегі көрсетілген.

Компания мәліметінше, 2026 жылғы маусым айының басында Алматы қаласы мен облысындағы электр энергиясы бойынша жалпы берешек 34 миллиард теңгеге жеткен. Осыған байланысты қарызы бар нысандарға электр энергиясын беруді шектеу немесе толық тоқтату шаралары қарастырылған.

Ал тамыз айынан бастап тұрғындардың түбіртектерінде электр энергиясы бойынша үйдің ортақ берешегі жеке жолмен көрсетіле бастаған. Осы жағдайлардан кейін "Алма Сити" тұрғындарында коммуналдық төлемдердің есептелуіне қатысты сұрақ көбейген. Тұрғындар бір жағынан үйдің ортақ берешегі көрсетіліп, екінші жағынан өз пәтерлеріне есептелетін электр энергиясының сомасы өсіп отырғанын айтып, ақшаның нақты қайда кетіп жатқанын және төлемдердің қалай есептелетінін түсіндіруді талап етті.

Айым Атамбаева
Жұма, 18 Қыркүйек, 2026 18:11