Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақын Мақсат Ақанов айтыстағы әдепсіздігі үшін алты айға дейін өнерден шеттетілді

айтыскер ақын Мақсат Ақанов
Фото: Мақсат Ақановтың желідегі парақшасынан

Маңғыстау облысында өткен айтыстан кейін ақын Мақсат Ақанов алты айға дейін Одақ ұйымдастыратын ресми шараларға қатыса алмайды. Бұған оның сахнаға мас күйде шығып, қарсыласына әдепсіз сөздер айтқаны себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Шайыр ауылының 100 жылдығына арналған айтыста болған. Ақынның сахнада айтқан сөздерінен үзінді әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің сынына ұшырады. Желі қолданушылары оның әрекетін айтыс әдебі мен сахна мәдениетіне қайшы деп бағалаған.

Пікір білдірген Нұргүл Хасанова ақынның қылығын сахна мәдениеті мен ұлттық өнердің әдебіне ашық қайшы дейді.

"Мынау не масқара, не көргенсіздік! Аузы лас елді былғайды деген, аузына келгенін көкіп отырған мынаны желкелеп сахнадан қуып шығатын бір намысты адам болмағаны ма сол жерде?! Жүз жерден "жұлдыз", мың жерден "дүлдүл" болса да! Мынау не басыну, не тайраңдау?! Айтыстың әдебі, сахна мәдениеті қайда?! Елді сыйламау, жерді қорлау, тұтас халықты адам құрлы көрмей, ар-намысын таптау ғой бұл!" – деп жазды Нұргүл Хасанова.

Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Аманжол Әлтайдың айтуынша, аталған шара Одақтың ресми жоспарына кірмеген.

Айтысты жеке кәсіпкерлер мен демеушілер ұйымдастырған.

Осы жағдайдан кейін Мақсат Ақанов алдағы алты ай бойы Одақ ұйымдастыратын ресми айтыстар мен басқа да шараларға қатысу құқығынан айырылған.

Ақын болған жағдайға байланысты ұялатынын айтып, әзірге пікір білдіруден бас тартқан.

Бірқатар адам ақынды ашық сынап, жауапкершілікке тартуды сұраса, енді бірі оның әрекетіне кешіріммен қарауға шақырды. Солардың арасында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай да бар. Ол Шайыр ауылындағы айтыстан кейін сынға қалған ақын Мақсат Ақановқа қатысты пікір білдірді. Өңір басшысы ақынның әрекетін толық зерттемегенін айтып, егер сахнадағы сөзі әзіл не сын ретінде айтылса, оны жеке өзі кешірер едім деген.

Еске салайық, бұған дейін Төреғали Төреәлі мен продюсер Жан Мұқановтың ынтымақтастығы 2015 жылы басталғанын жазған едік. Кейін олардың кәсіби жолы бірнеше рет үзілгенімен, 2025 жылы тараптар қайта келісімшартқа отырған. Алайда 2026 жылы Павлодардағы шараға қатыспау және Шымкентте продюсерлік компанияның келісімінсіз концерт өткізуге байланысты Жан Мұқанов әншінің концерттік және гастрольдік іс-шараларын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 24 Қыркүйек, 2026 09:43