Алматыда төмен шығарындылар аймағына жаңа көліктер техникалық байқаусыз кіре алады
Алматыда жеті жылға толмаған көліктерге LEZ аумағына кіру үшін экологиялық тексеруден өтудің қажеті жоқ. Демек мұндай автокөліктерге төмен шығарындылар аймағына кіруге әзірге шектеу қойылмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мұны “Алматы паркинг” мемлекеттік мекемесі мәлімдеді. Бұған дейін Алматыда қыркүйек айынан бастап бензин, газ және дизель отынымен жүретін көліктер техникалық байқаудан бөлек, экологиялық тексеруден өтетіні хабарланған еді. Бұл талап қалада пилоттық жоба ретінде енгізіліп жатқан төмен шығарындылар аймағын (LEZ) құрудың алғашқы кезеңдерінің бірі. Алайда жаңа талап барлық көлікке бірдей қатысты емес.

“Алматы паркинг” мәліметінше, техникалық байқаудан өту мерзімі әлі келмеген көліктер экологиялық тексеруден өтуге міндетті емес. Демек жеті жылға толмаған және міндетті техникалық байқау мерзімі жетпеген көліктер LEZ аумағына кіре алады.
Ал техникалық байқаудан өту уақыты келген көліктер техникалық жағдайымен қатар, экологиялық нормативтерге сәйкестігі бойынша да тексеріледі.
Қазір төмен шығарындылар аймағы Алматының Бөгенбай батыр және Желтоқсан көшелері, Абай және Достық даңғылдарының арасындағы аумақта белгіленген. Дегенмен жоба әзірге толыққанды шектеу ретінде жұмыс істеп тұрған жоқ.
“Алматы паркинг” мәліметінше, жоба қазір техникалық пилоттық режимде іске асырылып жатыр. Осы кезеңде көліктердің ешбір санатына әкімшілік айыппұл салынбайды. Оған қоса LEZ аумағына кіруге нақты шектеу қойылмайды.
Демек қазір жоба аясында көліктердің экологиялық талаптарға сәйкестігі тексерілгенімен, талапты бұзған жүргізушілерге айыппұл салу немесе аумаққа кіруге тыйым салу қарастырылмаған.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда 1 қыркүйектен бастап көліктерді тексерудің жаңа тәртібі енгізілетіні туралы жазған едік.