Қазақстандықтар арасында мектептерде НЗМ пен РФММ бағдарламасы бойынша сынып ашу ұсынысы қызу талқыға түсті
Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін елдегі әр мектепке енгізу ұсынылды. Оқу-ағарту министрлігі қарапайым жалпы білім беретін мектептерде НЗМ мен РФММ бағдарламалары бойынша білім беретін сыныптар ашуды ұсынып отыр. Бастама педагогтер арасында қызу талқыланып, түрлі пікір туғызды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгінде еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектептерінде 12 мың қазақстандық бала білім алып жатыр. Бір орынға орта есеппен 13 оқушыдан келеді. Демек қабылдау кезінде қажет балды жинай алмаған көптеген оқушының сапалырақ білім алуға мүмкіндігі болмай отыр.
Министрлік пікірінше, осы мәселені шешудің бір жолы Назарбаев зияткерлік мектебі тәжірибесін жалпы білім беретін мектептерге тарату.
“Қазір Назарбаев зияткерлік мектебіне қолданылып жүрген барлық бағдарлама мемлекет қаржысының есебінен әзірленді. Мемлекет бұл бағытқа қомақты қаражат салды. Сондықтан қазір зияткерлік мектептерде жинақталған озық тәжірибені басқа жалпы білім беретін мектептерге тарататын уақыт келді деп ойлаймын”, – деді министр Жұлдыз Сүлейменова.
Қоғам белсендісі әрі көпбалалы ана Аида Бүкееваның үш баласы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды. Ол мамандандырылған мектептердің тәжірибесін қарапайым мектептерге толық енгізу мүмкін емес деп есептейді. Оның айтуынша, мұндай оқу жүктемесіне балалар да, мұғалімдер де дайын емес.
“Бесінші сынып оқушысы көбейту кестесін білмейді. Мәнерлеп, еркін оқи алмайды. Біз қандай зияткерлік мектеп бағдарламасын айтып отырмыз? Назарбаев зияткерлік мектебі – үлкен еңбек. Күн сайын еңбектенуді талап етеді. Қарапайым мектеп пен Назарбаев зияткерлік мектебінің арасында өте үлкен айырмашылық бар”, – деді QAMQOR ANA қоғамдық қорының жетекшісі Аида Бүкеева.
Алайда Назарбаев зияткерлік мектебі бастапқыда дарынды балаларды оқыту үшін ғана құрылған жоқ. Оның негізгі міндеттерінің бірі – білім берудің жаңа әдістерін сынақтан өткізіп, кейін оларды басқа мектептерге енгізу болды. Бұл туралы Қарағандыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 2012–2024 жылдардағы директоры Равиль Якупов айтты.
Оның сөзінше, Назарбаев зияткерлік мектебі тәжірибесі 2016 жылдан бастап жалпы білім беретін мектептерге беріле бастаған. Бірақ мектептерге Назарбаев зияткерлік мектебінің оқу бағдарламасы толық көшірілген жоқ. Оның орнына оқыту, бағалау, оқушылардың зерттеу және жобалық жұмыстарын ұйымдастыру сияқты әдістер ұсынылды.
“Біздің жалпы білім беретін мектептерге көрсеткен көмегіміз Назарбаев зияткерлік мектебі бағдарламасын берумен шектелген жоқ. Біз оқыту мен бағалау әдістемелерін ұсындық. Функционалдық сауатты дамыту, оқушылардың зерттеу және жобалық жұмыстарын ұйымдастыру бойынша жинақталған тәжірибемізбен бөлістік”, – деді Равиль Якупов.
Ал Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, оқулық авторы Руслан Каратабановтың айтуынша, Назарбаев зияткерлік мектебінде қолданылатын жаңа оқыту және бағалау әдістерінің бірқатары бұған дейін жаңартылған білім беру бағдарламасына енгізілген. Алайда бұл тәсілдер педагогтер арасында бірден қолдау таппай, қарсылыққа да себеп болған. Оның пікірінше, жаңа әдістерді тиімді енгізу үшін мұғалімдерді қайта даярлау қажет.
“Бұрын мұғалім сабақта материалды өзі түсіндіріп, кейін оқушыларға сұрақ қоятын. Балалар дайын ақпаратты қабылдап, сұрақтарға жауап беретін. Ал белсенді оқыту әдісінде мұғалім оқу мақсатын түсіндіреді де, оқушыларға қажет құралдар мен ресурстарды береді. Негізгі жұмысты балалардың өзі атқарады”, – дейді Руслан Қаратабанов.
Педагогтер бөлек сыныптар ашу мәселесіне де алаңдап отыр. Олардың пікірінше, оқушыларды білім деңгейіне қарай бөліп, жоғары нәтиже көрсететін балаларға арналған жеке сыныптар ашу басқа оқушылардың өзін төмен сезінуіне әкелуі мүмкін.
Сондықтан мұғалімдер білім беруде балаларды қабілетіне қарай бөліп тастаудан гөрі, барлық оқушыға оқу материалын түсінікті әрі қызық етіп жеткізу маңызды деп санайды.
Айта кетейік, бұған дейін Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқу мерзімі қысқарса, не өзгеретіні туралы жазған едік.
