Алматыда 1 қыркүйектен бастап көліктерді тексерудің жаңа тәртібі енгізіледі: Бұл қандай көліктерге қатысты
2026 жылы 1 қыркүйектен бастап Алматыда автокөліктердің экологиялық нормативтерге сәйкестігін анықтау үшін техникалық тексеру енгізіледі. Жаңа тетіктің қалай жұмыс істейтіні туралы LEZ жобасының үйлестірушісі Дулат Маратов айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл талап бензинмен, газбен және дизель отынымен жүретін автокөліктерге қатысты. Техникалық тексеруден өту автокөлікті кезекті жоспарлы техникалық байқаудан өткізудің міндетті шарты болады.
Бұл ретте Дулат Маратов техникалық байқау мен техникалық тексерудің екі бөлек рәсім екенін атап өтті.
"Міндетті техникалық байқау автокөліктің жалпы жағдайын тексеруге бағытталған. Ал техникалық тексеру тек ҚР СТ 1433-2023 стандартына сәйкес шығарындылар деңгейін өлшеуге арналған. Бензинмен және газбен жүретін автокөліктерден пайдаланылған газдың уыттылығы, ал дизельді көліктерден түтін шығару деңгейі тексеріледі", – деп түсіндірді ол.
Осылайша, техникалық тексеру техникалық байқауды алмастырмайды және оның құрамдас бөлігі болып саналмайды. Алайда жаңа талап күшіне енгеннен кейін экологиялық тексеруден өтпей, кезекті жоспарлы техникалық байқаудан өту мүмкін болмайды.
Автокөлік иелеріне техникалық тексеруден мерзімінен бұрын өтудің қажеті жоқ. Жаңа тәртіп кезекті техникалық байқау мерзімі 2026 жылы 1 қыркүйектен кейін келетін автокөліктерге ғана қолданылады.

Егер автокөлік 1 қыркүйекке дейін техникалық байқаудан өтсе, берілген құжат белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін жарамды болады. Техникалық байқаудан қайта өтудің немесе техникалық тексеруден алдын ала өтудің қажеті жоқ.
Әдеттегі техникалық байқаудан бұрынғыдай кез келген қолданыстағы техникалық байқау орталығында өтуге болады. Ал шығарындылар деңгейін анықтауға арналған техникалық тексеру сертификатталған жабдықпен қамтылған және бірыңғай жүйеге қосылған аккредиттелген станцияларда ғана жүргізіледі.
Бұл ретте автокөлік иесі аккредиттелген станцияда қалауы бойынша екі рәсімнен де бір жерде өте алады.
Техникалық тексеру жүргізуге рұқсат берілген станциялардың тізімі almaty-parking.kz сайтында жарияланады.
Дулат Маратовтың айтуынша, жаңа тетік Алматы автопаркінің экологиялық жай-күйі туралы объективті дерек алуға мүмкіндік береді және төмен шығарындылар аймағы (LEZ) жұмысының негізгі тетіктерінің біріне айналады.
Сарапшылар не дейді?
Алматыда автокөліктерді техникалық тексеру кезінде көліктің шыққан жылы немесе экологиялық класы емес, нақты шығарындылар деңгейі ескеріледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында заң шығару мәселелері бойынша сарапшы, Алматының атмосфералық ауасын қорғау қағидаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Бұзырбаев айтып берді.

Оның айтуынша, шекті рұқсат етілген шығарындылардың жиынтық томына сәйкес, автокөлік көзі қаладағы зиянды заттар шығарындыларының жалпы көлемінің шамамен 60%-ын алады. Бұл ретте негізгі назар ескі көліктерге тыйым салуға емес, белгіленген экологиялық нормативтен нақты асып түсетін автокөліктерді анықтауға бағытталады.
"Бір жылы шығарылған және бір экологиялық класқа жататын екі көліктің шығарындысы әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан жүйе әр көліктің нақты жағдайын бағалауы керек", – деді Ерлан Бұзырбаев.
Сарапшының айтуынша, автокөліктің жылы оны пайдалануға шектеу қоюға өздігінен негіз болмайды. Техникалық тұрғыдан жарамды көлік шығарылған жылына қарамастан тексеруден өте алады.
Өлшеу жұмыстары СТ РК 1433-2023 стандартына сәйкес жүргізіледі. Тексеру барысында пайдаланылған газдардың құрамындағы көміртек тотығы (СО), көмірсутектер (СН) және түтіндену деңгейі сияқты көрсеткіштер анықталады.
Сарапшының айтуынша, автокөліктерді техникалық тексеру – ауаның ластануын азайтуға бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі. Бұл бағыттағы шаралар жылу энергетикасы, өнеркәсіп, жеке сектор және отын сапасына қатысты жұмыстармен қатар жүргізіледі.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда шетелген әкелінген көліктерді тексеретін зертханалар бақылауға алынатынын жазғанбыз.
Алматыда әскери қызметкер сағызға қақалған қыздың өмірін қалай құтқарып қалғанын айтып берді