Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында қылмыстық топ шекарадан өтетін жүргізушілерден ақша бопсалап келген

қылмыскер
Фото: видеодан скриншот/Жи жақсартылған

Жамбыл облысында шекара бекеті арқылы өтетін жүргізушілерден жүйелі түрде ақша бопсалап келген деген күдікпен бір топ адам ұсталды. Арнайы операцияны Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті және прокуратурамен бірлесіп жүргізген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

ІІМ мәліметінше, күдікке ілінгендер өңірдегі шекара бекеті арқылы өтетін ауыр жүк көлігі, автобус, жеңіл және транзиттік көлік жүргізушілерінен ақша талап етіп отырған болуы мүмкін.

 23 қыркүйекте жүргізілген операция кезінде 27 нысанда тінту жүргізілді. Нәтижесінде суық қару, байланыс құралдары, ірі көлемдегі ақша мен автокөліктер тәркіленген.

"Тергеу бір топ адам жасаған бопсалау фактісі бойынша жүргізіліп жатыр. Қазір заңсыз әрекеттердің барлық мән-жайы анықталуда. Оған қатысы бар адамдардың әрқайсысының рөлі тексеріліп жатыр. Сонымен қатар өзге де ықтимал эпизодтар зерттелуде. ІІМ ұйымдасқан қылмыстық топтар мен азаматтарға және кәсіпкерлерге қысым көрсететін адамдардың әрекетіне тосқауыл қою жұмысын жалғастырады. Басты міндет – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау", – деп мәлімдеді ІІМ.

Ведомство ұйымдасқан қылмыс пен бопсалауға қарсы шаралар тұрақты жүргізілетінін атап өтті. Құқық қорғау органдары мұндай істерде қылмыстық схемаға қатысы болуы мүмкін адамдардың барлығын анықтауға және заңсыз әрекеттің жолын кесуге басымдық беретінін мәлімдеді.

Қарлығаш Асқарова
Бейсенбі, 24 Қыркүйек, 2026 09:36