Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда енді тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғандарға Threads арқылы көмек көрсетіледі

ішкі істер министрлігі
Фото: Ішкі істер министрлігі

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар мен оның куәгерлері полицияға жүгінбей-ақ, Threads арқылы мамандардан кеңес ала алады. Ішкі істер министрлігі азаматтарға құқықтық және психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған республикалық акцияны бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Акция зорлық-зомбылыққа ұшыраса да, түрлі себептермен полицияға жүгінуге батылы бармай жүрген азаматтарға, сондай-ақ зорлық-зомбылықтың куәгерлеріне және құқықтық кеңес пен қолдауға мұқтаж адамдарға арналған.

Акция аясында кез келген азамат ішкі істер министрлігіне қарасты әкімшілік полиция комитетінің Threads әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасына (сілтеме) өтініш қалдырып, мамандардан кеңес пен түсініктеме ала алады. Өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда, ақпарат шұғыл түрде тиісті полиция бөлімшелеріне жолданып, қажетті шаралар қабылданады.

Көмектің қолжетімді болуына да ерекше назар аударылған. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін арнайы ақпараттық ресурс әзірленген. Онда еліміздің барлық өңіріндегі сенім телефондары, дағдарыс орталықтары мен қолдау қызметтерінің байланыс деректері жинақталған.

Арнайы сілтеме арқылы әр азамат өз өңіріндегі қажетті байланыс нөмірлерін тауып, психологиялық, құқықтық және өзге де көмек алу үшін қайда жүгінуге болатынын біле алады.

Акцияға мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, дағдарыс орталықтары мен отбасын қолдау орталықтары да тартылған.

"ІІМ азаматтарды зорлық-зомбылық фактілеріне бейжай қарамауға шақырады. Көмек өзіңізге немесе жаныңыздағы адамға қажет болса, үнсіз қалмаңыз. "Біз жаныңыздамыз. Бізден сұраңыз" – жай ғана ұран емес. Бұл – өз дауысыңызды естіртіп, кері байланыс алып, нақты көмекке қол жеткізу мүмкіндігі", – делінген министрлік жазбасында.

Олар өз құзыреті шегінде азаматтардың өтініштерін шешуге көмектеседі. 

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға көмек көрсетудің жаңа тәсілі ұсынылды. Құрылтай депутаты Лариса Ли дүкендерде, дәріханаларда және ПИК кеңселерінде жәбірленушілер уақытша паналай алатын қауіпсіз орындар ашуды ұсынды. "Үйден 60 секундтық жердегі пана" деп аталатын жоба аясында мұндай нысандарға PANA белгісі қойылады. Қауіп төнген адам сол жерге кіріп, көмек сұрай алады. Қызметкерлер оны қауіп төндірген адамнан қорғап, қажет болса алғашқы көмек көрсетіп, полиция шақыруы тиіс. Депутаттың айтуынша, жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен қосымша қаражат қажет емес. Бастаманы алдымен Астана, Көкшетау және Теміртау қалаларында сынақтан өткізу ұсынылып отыр.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 05 Қараша, 2026 14:55