122 миллиард теңге бөлінсе де, Қазақстанда қоқысты қайта өңдеу неге дамымай жатыр
Қазақстанда қоқысты қайта өңдеуге миллиардтаған теңге бөлініп, жаңа кәсіпорындар ашылып жатыр. Алайда тұрмыстық қалдықтардың едәуір бөлігі әлі күнге дейін полигондарға жеткізіліп, жерге көміледі. Тіпті тұрғындар бөлек жинаған қоқысты бір көлікке тиеп әкететін жағдайлар кездеседі. Сонда қомақты қаржы бөлінгенімен, қалдықтарды қайта өңдеу ісі неге баяу дамып жатыр және мемлекеттік қолдау бұл саладағы мәселелерді қаншалықты шешіп отыр? Осы және өзге де сұрақтар бойынша Stan.kz ақпарат агенттігі "Байтақ" жасылдар партиясы төрағасының кеңесшісі, экология және құқық саласындағы кеңес беру компаниясының жетекшісі, ғылым магистрі Еркебалан Мамытханұлымен сұхбаттасты.
Миллиардтаған қаржы бөлінді. Нақты нәтиже қандай?
Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрлігі "Жасыл даму" АҚ арқылы қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы 34 жобаны қаржыландыруға 122,6 миллиард теңге бағытталғанын хабарлаған еді. Жалпы министрлік жанындағы инвестициялық штаб құны 440 миллиард теңге болатын 67 жобаны мақұлдаған. Оның 34-і қаржыландырылып, әзірге 15-і пайдалануға берілген. Ресми мәліметке сүйенсек, іске қосылған жобалар аясында 131 арнайы техника сатып алынып, жылына 290 мың тонна қоқысты сұрыптайтын және 19,3 мың тонна қалдықты қайта өңдеуге мүмкіндік беретін өндіріс орындары жұмысын бастаған. Ал қаржыландырылған жобалар толық жүзеге асқанда жылына 650 мың тонна қалдықты сұрыптайтын және 435 мың тонна қалдықты қайта өңдейтін қуаттар құру көзделген.
Дегенмен, маманның айтуынша аталған көрсеткіштер әзірге кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндігін ғана сипаттап отыр. Ал олардың нақты қанша қалдықты өңдеп, қанша өнім шығарғаны жөніндегі мәлімет бөлек қарастыруды қажет етеді екен. Яғни Еркебалан Мамытханұлы қаржы алған кәсіпорындар туралы ақпараттың қолжетімділігіне қатысты мәселе бар екенін айтады.
"122 миллиард теңгенің осы салаға бағытталғанынан хабарымыз бар. Бірақ бұл қаражаттың нақты қандай кәсіпорындарға берілгені жөнінде толық ақпаратқа ие емеспіз. Бұған дейін ашық деректерден Ақтөбе облысындағы бірнеше кәсіпорын туралы мәлімет көрдім. Олардың қандай технология қолданатынын, өзгелерден қандай ерекшелігі бар екенін білгім келді. Алайда бұл жөнінде толық түсіндірме таппадым. Сондықтан қаржыландыру алған кәсіпорындардың жұмысы туралы мәлімет көбірек жарияланғаны дұрыс деп ойлаймын", – деді сарапшы.
Осы орайда Еркебалан Мамытханұлы мемлекеттік қаржыландырудың тиімділігін тек бөлінген қаражатпен немесе ашылған кәсіпорындардың санымен өлшеу жеткіліксіз деген пікірде. Оның пайымдауынша, қоқыс өңдеу саласындағы өзгеріс алдымен қалдықтардың қаншалықты кәдеге жарап жатқанынан көрінуі тиіс.
Қоқысты бөлек жинау неге нәтиже бермей отыр?
Қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі тек зауыттар мен полигондардың жұмысына келіп тірелмейді. Өйткені өңдеуге жарамды шикізаттың кәсіпорынға жетуі қоқыстың қалай жиналатынына және тасымалданатынына да байланысты екені белгілі. Ал осы жұмыстар бір-бірімен үйлеспеген жағдайда қайта өңдеу тізбегі алғашқы кезеңнен-ақ үзілуі мүмкін. Сарапшы мұны тұрғын үйлердің жанындағы қоқыс жәшіктері арқылы түсіндірді.
"Үйлердің жанында алты-жеті қоқыс жәшігі тұрады. Әрқайсысына қағазды, металды, шыныны және басқа қалдықтарды бөлек тастауымыз керек. Тұрғындардың арасында осы талапты орындап жүргендер бар. Бірақ коммуналдық қызметтің көлігі келіп, бәрін бір көлікке тиеп әкететін жағдайлар кездеседі. Одан кейін қоқыс полигонға жеткізіледі. Ал полигондарда қалдықтарды толық сұрыптап, қайта өңдейтін жағдай жасалмаған. Көп жағдайда олардың едәуір бөлігі жерге көміледі", – дейді Еркебалан Мамытханұлы.
Маманның айтуынша, еліміздегі көптеген полигон әлі де бұрынғы тәсілмен жұмыс істеп келеді. Олардың бір бөлігі қалдықтарды қабылдап, сақтаумен шектеледі, яғни елімізде қайта өңдеуге қажетті жабдықтар мен өндірістік мүмкіндіктер жеткіліксіз болып отыр. Ал қағаз, металл, шыны, ағаш және басқа да тұрмыстық қалдықтарды жеке жинап, тиісті кәсіпорындарға жіберуге мүмкіндік беру керек дейді сарапшы. Мәселен, қағаз картон өндірісіне, металл қайта балқытуға, ал ағаш қалдықтары басқа өнімдер жасауға пайдаланылуы мүмкін. Еркебалан Мамытханұлының пікірінше, полигондар қалдықтарды жинайтын орын болып қала бермей, оларды сұрыптап, қайта өңдеуге дайындайтын жүйенің бір бөлігіне айналуы қажет.

Жерге көмілген қоқыстың қаупі қандай?
Қоқыс полигондарының жұмысы қалдықтарды қайта өңдеу көлемімен ғана емес, қоршаған ортаға әсерімен де байланысты екені белгілі. Себебі тұрмыстық қалдықтардың құрамында түрлі материалдармен қатар, уақыт өте шіритін органикалық заттар да кездеседі. Еркебалан Мамытханұлының бағалауынша, тамақ қалдықтары тұрмыстық қоқыстың 30–40%-ына дейін жетуі мүмкін. Маман олардың жер астында ыдырауы кезінде газ бөлінетінін, ал қалдықтарды сақтау талаптары сақталмаса, топырақ пен жерасты суларының ластану қаупі туындайтынын айтады.
"Қоқысты үлкен шұңқырларға төгіп, бетін жауып тастайды. Бірақ оның ішінде түрлі қалдық аралас жатқанын ескеру керек. Мәселен, тамақ қалдықтары уақыт өте шіріп, газ бөледі. Жер астында биологиялық және химиялық өзгерістер жүреді. Мұндай ортада жәндіктер мен кеміргіштер де көбейеді. Кейде жиналған газдың әсерінен қоқыс өздігінен тұтанып, ұзақ уақыт бықсып жатады. Сол кезде айналаға түтін мен жағымсыз иіс таралады", – деді сарапшы.
Оның сөзінше, мұндай жағдайларда жағымсыз иіс полигонның санитарлық-қорғау аймағынан асып, жақын маңдағы елді мекендерге дейін жетуі мүмкін. Сондықтан маман қоқысты жерге көмудің үлесін азайту үшін қалдықтарды сұрыптау мен өңдеуге басымдық беру қажет деп есептейді.
Жаңа зауыттар мәселені толық шеше ала ма?
Қазақстанда қоқысты жағу арқылы электр энергиясын өндіретін зауыттар салу мәселесі де көтеріліп жүр. Мұндай кәсіпорындар қалдықтардың көлемін азайтып, одан жылу мен электр қуатын алуға мүмкіндік береді. Дегенмен олардың қоршаған ортаға әсері қолданылатын технологияға, түтінді тазарту жүйесіне және қалдықтардың құрамына да байланысты. Еркебалан Мамытханұлы қоқысты жағуды қалдықтарды басқарудың жалғыз тәсілі ретінде қарастыруға қарсы екенін айтады.
"Биыл мамырда өткен халықаралық экологиялық жиында қалдықтарды өңдеу мәселесі талқыланды. Сол кезде қоқысты жағудан басқа технологиялар жоқ па деген сұрақ қойдым. Өйткені әлемде қалдықтарды залалсыздандырудың өзге де тәсілдері бар. Қазақстанда да осы бағытта жұмыс істеп жүрген ғалымдар мен өнертапқыштар кездеседі. Кейбір отандық әзірлемелердің мүмкіндігі жоғары болғанымен, олар әлі үлкен өндірісте қолданылмаған. Сондықтан технология таңдағанда оның бағасын ғана емес, қауіпсіздігі мен тиімділігін де салыстыруымыз керек", – деді ол.
Сарапшы Қытай инвесторларының қатысуымен ұсынылған қоқыс жағатын зауыттар құрылысына да тоқталды. Оның айтуынша, қалдықтарды жағып, энергия өндірудің экономикалық пайдасы болғанымен, мұндай тәсілдің экологиялық қауіптерін ескерусіз қалдыруға болмайды.
"Қоқысты жаққанда оның көлемі едәуір азаяды. Бөлінген жылудан электр энергиясын өндіруге болады. Бірақ жағу кезінде ауаға зиянды заттардың таралу қаупі сақталады. Сондықтан біз алдымен қалдықтарды терең сұрыптап, қайта өңдеуге болатын бөлігін пайдалануды қолдаймыз. Ал қалғанын залалсыздандырудың қауіпсіз тәсілдерін іздеу керек. Бір технологияны ғана дұрыс деп қабылдауға болмайды", – деді Еркебалан Мамытханұлы.
Оның пікірінше, жаңа кәсіпорындар салу кезінде технологиялардың тиімділігі ғылыми тұрғыдан бағаланып, отандық әзірлемелердің мүмкіндігі де ескерілуі тиіс.
Мемлекеттік қолдау шағын кәсіпкерлерге қаншалықты қолжетімді?
Қалдықтарды қайта өңдеуге бөлінетін жеңілдетілген қаржы кәсіпорындарға жаңа жабдық сатып алуға, өндіріс ашуға және жұмысын кеңейтуге мүмкіндік береді. Алайда сарапшының пікірінше, қаржыландыру талаптары барлық кәсіпкерге бірдей қолайлы болмай отыр. Әсіресе жаңа технологияны өндіріске енгізгісі келетін ғалымдар мен шағын кәсіпкерлер кепілге қоятын мүлкі болмағандықтан, қиындықтарға тап болады.
"Мемлекеттің осы салаға қаржы бөліп отырғаны дұрыс. Бірақ оны алудың белгілі бір талаптары бар. Соның ішіндегі ең қиыны – кепіл мәселесі. Банктер жер, жылжымайтын мүлік немесе басқа да бағалы активтерді сұрайды. Ал жаңа технология ойлап тапқан ғалымның қолында мұндай мүлік болмауы мүмкін. Оның бар байлығы – ғылыми жаңалығы мен патенті. Бірақ сол жаңалықтың өзі несие алуға жеткіліксіз болып отыр", – деді сарапшы.
Еркебалан Мамытханұлының айтуынша, шағын кәсіпорындар көбіне өндірісін аз қаржымен бастап, кейін біртіндеп кеңейтуді көздейді. Сондықтан ірі жобаларға арналған талаптарды шағын бизнеске де бірдей қолдану олардың мемлекеттік қолдауға қол жеткізуін қиындатуы мүмкін. Осыған байланысты маман қаржыландыру көлемі мен шарттарын кәсіпорындардың мүмкіндігіне қарай қарастыруды ұсынатынын айтады.
Ғылыми жаңалықты кепілге қоюға бола ма?
Маман қалдықтарды қайта өңдеу саласына жаңа технологияларды енгізу үшін зияткерлік меншіктің, яғни патенттер мен ғылыми әзірлемелердің экономикалық мүмкіндігін пайдалануды да ұсынды. Оның түсіндіруінше, кейбір елдерде ғылыми жаңалықтың нарықтық құны бағаланып, ол кәсіпкердің қаржы тартуына мүмкіндік беретін активке айналады.
"Шетелде патент пен ғылыми жаңалықтың құнын бағалайтын жүйелер бар. Кейбір әзірлемелердің бағасы мыңдаған, тіпті миллиондаған долларға жетуі мүмкін. Өйткені оның болашақта қанша пайда әкелетіні есептеледі. Бізде де зияткерлік меншікті қорғауға арналған заңдар қабылданған. Бірақ ғылыми жаңалықты кепіл ретінде пайдаланып, несие алу тәжірибесі кең дамымаған. Мен бұл мәселені бұрын да көтергенмін. Ғылымды өндіріспен байланыстырамыз десек, осы мүмкіндікті де қарастыруымыз керек", – деді маман.
Сарапшының пікірінше, мұндай мүмкіндік ғылыми жаңалықтарды зертхана деңгейінде қалдырмай, нақты өндірісте қолдануға жол ашуы мүмкін.
Қалдық өңдейтін кәсіпорындарға қандай қолдау қажет?
Еркебалан Мамытханұлы қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға несие берумен қатар, олардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасау мәселесіне де тоқталды. Сарапшы Астанада құрамында сынап бар шамдарды өңдейтін кәсіпорынды мысалға келтірді. Мұндай қалдықтарды залалсыздандыру арнайы жабдық пен қауіпсіздік талаптарын қажет етеді екен.
"Астанада сынапты шамдарды қайта өңдейтін кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл өте қажет іс. Өйткені сынаптың қоршаған ортаға қаншалықты қауіпті екенін білеміз. Осындай кәсіпорындар көбірек қолдау алса, жұмысын кеңейте алар еді. Мысалы, оларға салық жағынан жеңілдік беруге болады. Өндірістік ғимаратты жалға алу шығындарын азайту да көмектесер еді. Мұндай қолдау қалдықтарды өңдейтін басқа да шағын кәсіпорындарға қажет", – деді ол.
Маманның айтуынша, қайта өңдеу саласы ұзақ мерзімді жоспарлауды қажет ететіндіктен, мемлекеттік қолдау бір реттік шарамен шектелмеуі керек. Ол бұл бағытқа жыл сайын қаржы қарастырып, жергілікті әкімдіктердің де қатысуын күшейту қажет деп есептейді. Өйткені қалдықтарды жинау мен залалсыздандыру мәселесі ірі қалалармен ғана шектелмейді. Бұл жұмыс аудан орталықтары мен ауылдарда да жүргізілуі тиіс.
Қоқысты табыс көзіне айналдыруға бола ма?
Қалдықтарды өңдеу ісінің экономикалық жағы да бар. Қайта пайдалануға жарамды шикізаттан жаңа өнім өндіруге мүмкіндік болғанымен, ол үшін қалдықтарды тұрақты жинау, өңдеу және дайын өнімді өткізу жұмыстары қатар жүруі қажет. Еркебалан Мамытханұлы бұл сала дұрыс ұйымдастырылған жағдайда жергілікті бюджетке де табыс әкеле алады деп есептейді.
"Қоқысты дұрыс басқарсақ, одан тұрақты табыс табуға болады. Әлемде қалдықтарды қайта өңдеуден пайда көріп отырған елдер бар. Сол табыстың белгілі бір бөлігі жергілікті жерлерді дамытуға жұмсалады. Мысалы, әлеуметтік нысандар салуға немесе тұрғындарға қажетті қызметтерді жақсартуға пайдалануға болады. Біз де осыған ұмтылуымыз керек. Қоқысты тек көметін орындар емес, қайта өңдейтін кәсіпорындар қажет", – деді сарапшы.
Қазір әр өңірдегі қоқыс өңдеу нысандарының мүмкіндігі мен қолданатын технологиясы әртүрлі. Сондықтан сарапшы өңірлердің жұмысын салыстыруға, олардың қажеттілігін анықтауға және қаржыландыру нәтижесін бақылауға мүмкіндік беретін жүйе қалыптастыру мәселесін көтерді.
"Қалдықтарды басқарумен айналысатын арнайы орталық қажет деп есептеймін. Оның өз зертханасы мен ғылыми-технологиялық бөлімі болуы керек. Сонда қандай технология тиімді, қайсысы ескіргенін анықтай аламыз. Кейбір өңірлерде нәтижесі аз әдістер қолданылып жатуы мүмкін. Мұндай жағдайда қаржы босқа жұмсалады. Сондықтан шешімдерді тек әкімшілік тұрғыдан емес, ғылыми зерттеулерге сүйеніп қабылдау керек. Сонымен қатар барлық жұмысты цифрландырып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланған дұрыс", – деді Еркебалан Мамытханұлы.
Маманның айтуынша, бұл тәсіл әр өңірде жиналатын қалдық көлемін, олардың қаншасы сұрыпталып, қайта өңделетінін және қандай өнімге айналатынын есепке алуға көмектесуі мүмкін.
Қазақстанға айналмалы экономика қажет
Сұхбат соңында Еркебалан Мамытханұлы қалдықтарды басқарудың түпкі мақсаты қоқыс жинау мен оны жою ғана болмауға тиіс екенін атап өтті.
Оның пікірінше, Қазақстанда айналмалы экономикаға көшу қажет. Бұл – пайдаланылған заттарды бірден қоқысқа тастамай, қайта өңдеп, жаңа өнімге айналдырып, қайтадан тұтынуға беру деген сөз.
Мәселен, пайдаланылған қағаздан картон, пластиктен жаңа бұйымдар жасап, металды қайта балқытуға болады. Осылайша, бұрын қоқысқа тасталған зат өндіріс үшін қайтадан шикізатқа айналады. Сарапшының пайымдауынша, мұндай жүйені қалыптастыру үшін қалдықтарды жинау, сұрыптау, өңдеу және дайын өнімді нарыққа шығару жұмыстары бір-бірімен байланысуы тиіс.
Еркебалан Мамытханұлы осы бағыттағы жұмыстар жүйелі жолға қойылған жағдайда ғана қалдықтарды қайта өңдеуге бөлінген қаржының нақты нәтижесін көруге болады деп есептейді. Оның айтуынша, басты көрсеткіш кәсіпорындардың саны емес, қайта өңделген қалдық көлемі мен полигондарға көмілетін қоқыстың азаюы болуы керек.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда сот "Тәртіп" қоқыс шығару компаниясының 33,98% үлесін мемлекетке қайтару туралы шешім қабылдағанын жазған едік. Прокуратураның мәліметінше, бұл үлес кезінде төмен бағамен сатылған.
Алматының жолдарын жөндеуге қанша қаражат жұмсалды: Миллиардтаған теңгені қай компаниялар алып жатыр
