Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Каспийдегі 14 әскеридің қазасы: 300-ден астам адамнан жауап алынып, 8 лауазымды тұлға қамауға алынды

 
14 сарбаз Каспий
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органы Маңғыстаудағы 14 сарбаздың қазасы бойынша тергеу жұмыстары жүргізіп, жіті бақылауында ұстап отыр және тергеу амалдарының соңғы нүктесіне таяды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бас прокуратураның мәліметінше, қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықталды.

“Қазірге дейін 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілді”, – деп жазды Бас прокуратура.

Сондай-ақ Бас прокуратура жақын арада тергеу жұмыстарын аяқтап, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыруды жоспарлап отырғандарын да тілге тиек етті.

Айта кетейік, қайғылы жағдай 24 қыркүйекте Каспий теңізінің Маңғыстау облысына қарасты аумағында болған. Сол уақытта Қазақстан Қарулы күштері "Хазар қорғаны – 2026" атты әскери оқу-жаттығу өткізіп жатқан. Оған 500-ден астам әскери қызметкер қатысқан. Оқу-жаттығудың үшінші күні теңіз жаяу әскерлері десант түсіру жаттығуын орындаған. Осы кезде ауа райы күрт өзгеріп, жел күшейіп, теңізде толқын көтерілген. Салдарынан "Қайсар" катеріндегі 17 әскери қызмекерді су алып кеткен.

Қорғаныс министрлігі алғашында теңізге 19 әскери қызметкерді толқын алып кеткенін хабарлаған. Алғашқы мәлімет бойынша, тоғыз сарбаздың қаза болғаны, үшеуінің құтқарылғаны және қалғандарының іздестіріліп жатқаны айтылды. Кейін ведомство суға кеткен әскери қызметкерлердің нақты саны 17 екенін нақтылады. 24 қыркүйек күні кешке қарай тағы үш сарбаздың денесі табылып, қаза болғандар саны 12-ге жетті. Ал қалған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары түн бойы жалғасты. 25 қыркүйек күні сағат 09:15 шамасында із-түзсіз жоғалған соңғы екі сарбаздың денесі табылды. Олар – сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлы. Осылайша, теңізге кеткен 17 әскери қызметшінің үшеуі аман қалып, 14-і қайтыс болды.

Кейін Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болып жүрген Қанат Ниязбеков уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот оның қамауға алынуына санкция берді.

Еске сала кетейік, Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында әскери оқу-жаттығуларды ұйымдастыру кезінде анықталған кемшіліктер мен әскери қызметшілердің қауіпсіздігін күшейту шаралары туралы айтқан еді. Өз сөзінде Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиғалар әскери оқу-жаттығуларды жоспарлау мен өткізу кезінде жүйелі мәселелер бар екенін жасырмады.

Ислам Әден
Бейсенбі, 05 Қараша, 2026 13:18