Алматы облысында мыңнан аса оқушы қабырғасы көгеріп, іргесі отырып кеткен мектептен оқып жүр
Алматы облысының Қарасай ауданында мыңнан аса оқушы 60 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген мектепте білім алып жүр. Ғимараттың іргетасы отыра бастаған, қабырғалары мен шатыры тозған. Ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне алаңдаулы, ал мектепті жөндеуге қажетті қаражат әзірге бөлінбеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы облысының Қарасай ауданында мыңнан аса оқушы тозығы жеткен мектепте білім алуға мәжбүр. 60 жылдан астам уақыт бұрын салынған білім ордасы содан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Қазір ғимараттың сылағы түсіп, қабырғалары көгерген, шатыры мен едені тозған. Іргетасы да отыра бастаған. Соған қарамастан, мектеп апатты деп танылмаған.
Ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне алаңдайды. Олардың айтуынша, мектепте оқушылар үшін жағдай да сын көтермейді. Замира Қанағатованың сөзінше, ғимараттың қазіргі жағдайына ата-аналардың өзі алаңдайды.
"Бала тұрмақ, өзіміз мектепке кіруге қорқамыз. Ана жерге кірсе, бір нәрсе құлап кететіндей. Дәретхананы өзіңіз көрдіңіз. Бірінші сынып оқушылары қиналады. Таңертең барып, сағат 11-ге дейін төрт сабақ оқиды, бірақ дәретханаға бара алмайды", – дейді Замира Қанағатова.

Тұрғындардың айтуынша, мектеп ғимаратында оқушылар жарақат алған жағдайлар да болған.
"Дене шынықтыру сабағында баланың қолы мен мұрны сынған жағдай болды. Еденнен шығып тұрған шегеге сүрініп, екпетінен құлаған. Өткен жылы жер сілкінісі кезінде есіктер ашылмай, балалар ғимараттың ішінде қалып қоя жаздады, – дейді Виолетта Цой.
Ата-аналардың айтуынша, мектепте кең спорт залы мен заманауи пән кабинеттері де жоқ. Ал ғимараттың кей бөліктері әбден тозған. Мәселені жергілікті билік те білетін болып шықты. Қарасай ауданының білім бөлімі мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленгенін мәлімдеді.
Қарасай ауданы білім бөлімінің бас маманы Айдар Серғазиннің айтуынша, 2024 жылы жоба-сметалық құжаттама әзірлеу үшін конкурс өткізіліп, 2025 жылдың қыркүйегінде оң қорытынды алынған. Құжаттар Алматы облысының құрылыс басқармасына тапсырылған.
"Қазір күрделі жөндеуге қаражат бөлінгені туралы ақпарат жоқ. Қаражат бөлінген жағдайда күрделі жөндеу жүргізіледі", – деді Айдар Серғазин.
Осылайша, мектептің қашан жөнделетіні әзірге белгісіз. Ал мыңнан аса оқушы оқу жылын тозығы жеткен ғимаратта жалғастырып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысы Сарытөбе ауылындағы мектептің ғимараты шамамен бір ғасырға жуық уақыт бұрын салынған. Осы уақытқа дейін күрделі жөндеу жүргізілмегендіктен, қабырғалары сөгіліп, іргетасы шөге бастаған. Жаңа мектеп салу үшін 2025 жылы бюджетке өтінім берілген, жоба құны 2,1 млрд теңге деп бағаланған.