"Қабырғасы қирап, едені түсіп кеткен": Жетісу облысында оқушылар шамамен бір ғасыр бұрын салынған ескі мектепте оқып жүр

Жетісу облысы Сарытөбе ауылындағы оқушылар тозығы жеткен, шамамен бір ғасырға жуық уақыт бұрын салынған мектепте оқуға мәжбүр болып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ғимаратта осы уақытқа дейін бірде-бір күрделі жөндеу жүргізілмеген. Соның салдарынан қабырғалары сөгіліп, іргетасы отыра бастаған.
Тұрғындардың айтуынша, жаңа мектеп салу туралы уәде берілгеніне он жылға жуық уақыт өтсе де, нақты нәтиже жоқ. Баласының қауіпсіздігіне алаңдаған ата-аналар облыс әкімінен көмек сұрап отыр.
Сарытөбе ауылының тұрғыны Әлібек Айбосынның айтуынша, мектеп іші суық, қыста жылу дұрыс берілмейді.
“Мына мектеп суық. Жылу батареясы жылымай балалар қыста көп ауырады. Менің қызым 9-сыныптан кейін Алматыға кетті. Көп оқушылар кетіп қалды. 11-сыныпта төрт-ақ бала оқып жатыр”, – деді ауыл тұрғыны Әлібек Айбосын.
Тағы бір тұрғын мектеп ішіндегі спорт залдың едені ішіне түсіп кеткен дейді.
“Осы мектепті 3 жыл оқып бітірдім. Содан кейін немерелерім де осы мектепте оқыды. Мектепті қарап тұрсаң ештеңе жоқ. Жағдай жасалмаған. Спорт залдың едені түсіп қалған”, –дейді тұрғын Серік Кәрібаев.
ОқыңызЕлімізде жасанды интеллект дамып жатқанымен, бұл мектептің оқушылары ескірген компьютерлермен оқып жүр екен. Ең күрделі мәселе жаңбыр жауса, шатырдан су өтіп, сыныптардың ішіне дейін тамшылайды дейді. Қыста кабинеттер дұрыс жылымайды. Осыған алаңдаған ата-аналар құзырлы органдардан нақты шешім күтіп отыр.
Тұрғындардың айтуынша, мектептің жағдайына байланысты 30-ға жуық отбасы ауылдан көшіп кеткен. Қазір ауылда шамамен 100-ге жуық ғана отбасы қалған.
Ал Панфилов аудандық білім бөлімінің басшысы Қайсар Серікқожаев жаңа мектеп салу мәселесі шешіледі деп сендірді.
“Жақында мектептің жаңа құрылысы шешімін табады деп ойлаймын. Өйткені 2025 жылы Сарытөбе ауылында жаңа мектеп салуға бюджеттік қорға өтінім берілген. Құжаты түгел әзірленген, сараптамадан өткен. Жаңа мектептің бюджеті 2,1 миллиард теңге болады”, –дейді ол.
Жалпы, биыл Панфилов ауданында төрт мектепке күрделі жөндеу жүргізу жоспарланыпты. Ал Сарытөбе ауылында алдағы екі жыл ішінде жаңа мектеп салу көзделіп отыр екен.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында оқушылар 70 жыл бұрын салынған тұрғын үйде білім алып жүргені туралы жазған едік.
"Жүрегіне салынған имплант түсіп кеткен": Алматыда сәтсіз отаның кесірінен 20 жастағы жігіт жансақтау бөліміне түскен