"Асхана мен спорт алаңы да жоқ": Жамбыл облысында 400 оқушы 4 бөлмелі мектепте білім алып жүр
Тараздағы Қызылабад алқабында 400-ден астам оқушысы 4 бөлмелі мектепте білім алып жүр. Мектептің тарлығынан ұстаздар бір сәт болса да отыруға орын таппай тікесінен тік тұрып сабақ өтуге мәжбүр. Оның үстіне аядай мектепке сыймаған оқушылар қалаға қатынап оқиды екен деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” арнасына сілтеме жасап.
Сюжеттен скриншот
Балалар оқып жатқан мектептегі бар-жоғы төрт бөлменің үшеуі дәрісхана. Ені екі метрге жетпейді. Ал мектепке жетпейтіндер мұнан көп.
“Асхана керек, спорт алаңы керек, акт зал керек дегендей, балалар кішкене іс шараларға қатысатын. Кітапхана керек. Кітапханамыз да жоқ. Ауылда газ кірген. Бірақ мектепте газ жоқ. Көмірмен жағамыз”, – деді №58 Бастауыш мектебінің директоры Ләззат Ешенқұлова.
Бірақ директор айтқан мектеп 45 оқушыға арналған. Ал алқапта 400-дің үстінде оқушы бар. Сондықтықтан екінің-біріне ауылда оқу бұйырмайды.
“Қызылабадта халық саны күннен күнге көбейіп бара жатыр. Бала саны көп мектепке баратын. Өте қиын болып жатыр балалардың қатынап оқуы. Әсіресе қыстың күні. Тайғақ, автобус қатынамайды”, – дейді Қызылабад ауылының тұрғыны Теміргүл Сәмбетбаева.
Шағын мектепте оқушылар 40 жылдан бері оқып келеді екен. Бүгінде ауылдың аумағы кеңейіп, адам саны да артқан. Алайда жаңа мектеп орындалмас арманға айналған. Бірақ жергілікті билік те бейқам емес екен. Алдыңғы жылы ең болмағанда спорт зал сұраған ұжымға, онсыз да тар оқу ордасының ішінен дәретхана салып беріпті. Үш бөлмелі дәрісханаға13 камера қойып берген. Енді тек орынға таласып жүр оқушылар.
Ал білім басқармасының басшысы оқу орны биыл бой көтермейтіні анық дейді. Әзірге ойша жаңа мектеп жобасын түзіп жатыр екен. Оның өзінде республикалық бюджеттен қаржы бөлінбесе, жергілікті әкімдіктің әмияны көтермейді дейді.
“Қазір республикаға 7 мектепті қаржыландыру мәселесін 2025 жылға салу мәселесін көтеріп отырмыз. Бұл жерде 300 орындық мектеп салу керек деген тұжырымға келдік. Сметалық ұжатын дайындау керек әлі. Оның өзі уақыт алады. Мерзімдері бар. Сол себепті құрылыс сол 2025 жылы салынады деген жоспар бар”, – деді Жамбыл облыстық Білім басқармасының басшысы Меірхан Өмірбек.
Дей тұрғанмен жауаптылар биылдан қалмай газ тарту жолын жасаймыз деп отыр. Ойдағы іс жүзеге асқанша тұрғындарға осылай жан бағуға тура келеді.