Апатты, асханасыз, спортзалсыз мектептер: Қазақстандық ауыл оқушылары қандай мектептерде оқып жүр?

Қазақстанда кей ауылдарда балалар әлі күнге дейін құлауға шақ тұрған мектепте оқып жүр. Бірінде асхана жоқ, енді бірінде оқушы азайып, мектеп жабылу алдында. Ал кей ауылдар білім ошағынан айырылса, басқасы елдімекен де қаңырап қалады деп қорқады. Stan.kz тілшісі өңірлердегі ескі мектептердің жағдайын зерттеп, білім басқармаларынан мәселе қашан шешілетінін сұрады.
"Мектептің қабырғалары жарылып, едені шіріп кеткен"
Екі жыл бұрын Түркістан облысы, Келес ауданы, Ескіқорған ауылындағы апатты мектеп мәселесін көтерген едік. Сол кезде жергілікті билік 300 орындық жаңа мектептің құрылысы басталатынын айтып, халыққа уәде берген еді. Алайда арада уақыт өтсе де, ауыл мектебінде ешқандай өзгеріс болмаған. Ауыл тұрғыны Дастан Жолдастың айтуынша, құлауға шақ тұрған ғимаратта балалар әлі күнге дейін білім алып, мұғалімдер жұмыс істеуге мәжбүр.
"Біз бұл мәселені қаншама жылдан бері айтып келеміз. Сол кезде де “жаңа мектеп салынады” деген еді. Бірақ міне, тағы екі жыл өтті, ештеңе өзгерген жоқ. Балалар әлі сол ескі мектепте оқып жүр. Мұғалімдер де сол жерде жұмыс істейді. Ғимараттың жағдайы күннен-күнге нашарлап барады", – дейді ауыл тұрғыны Дастан Жолдас.
Тұрғынның сөзінше, мектептің қабырғалары жарылып, едені шіріп кеткен. Ал жауын-шашынды күндері төбеден су ағады. Соған қарамастан, ауыл балалары үшін басқа мүмкіндік жоқ. Ғимаратта асхана, кітапхана немесе оқушылар қатысатын үйірмелерге арналған бөлмелер қарастырылмаған. Қазіргі мектеп небәрі екі бөлмеден тұрады. Артқы жағында тағы бір-екі бөлме бар, олардың бірінде бастауыш сынып оқушылары білім алады, ал екіншісі мұғалімдер бөлмесі ретінде пайдаланылып отыр. Мектеп ғимаратының салынғанына шамамен 70 жылға жуықтаған екен.
"Соңғы рет аудан әкімдігі тарапынан 2024 жылдың қыркүйегінде уәде айтылды. Ол кезде көктемде жаңа мектептің құрылысы басталып, 2025 жылдың қыркүйегінде балалар жаңа ғимаратта оқиды деген еді. Бірақ 2024 жылдың желтоқсанында да құрылыс басталған жоқ. Кейін тағы көктемде бастаймыз деді. Жаз да келді, алайда құрылысқа қатысты ешқандай әрекет көріп отырғанымыз жоқ", – деп ауыл тұрғыны ренішін айтты.
Ауыл тұрғыны Дастан Жолдастың айтуынша, балалардың қауіпсіздігіне ешкім толық кепілдік бермейді. Соған қарамастан, ата-аналардан “баланың қауіпсіздігіне өзіміз жауап береміз” деген қолхат алынған. Тұрғындар мұны мәселені шешудің орнына жауапкершілікті халықтың өзіне жүктеу деп бағалап отыр.
Осы мәселе бойынша Түркістан облысы білім басқармасына да хабарласып, түсініктеме сұрадық.
"Мәселе Түркістан облысы білім басқармасының тікелей бақылауында. Түркістан облысы Келес ауданы, Ақтөбе ауылдық округі, Ескіқорған елді мекеніндегі №45 бастауыш мектебі 1960 жылы салынған. Жалпы сыйымдылығы 60 оқушы орындық. Мектепте 7 мұғалім қызмет атқарады, бастауыш сыныптарда 67 оқушы білім алады. Жоғары 5-11 сыныптардағы 280-ге жуық оқушы Ескіқорған елді мекенінен 7 шақырым қашықтықтағы Бозсу елдімекенінде орналасқан №43 Болашақ жалпы орта мектебінде тасымалданып білім алып жатыр. Қазір 300 орынды мектеп құрылысын салу үшін сараптама қорытындысын алды. Бұл елді мекеннен 300 орындық жаңа мектеп құрылысын жүргізу үшін облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлінген жағдайда салу жоспарланып отыр", – деп жауап берді Түркістан облысы білім басқармасы.
Сонымен қатар басқарма алдағы уақытта елдімекен тұрғындары үшін қолайлы білім беру жағдайын жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыратын болады дейді.
"Ауыл молдасы сабақ беретін сияқты"
Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданына қарасты Жетібай ауылындағы Жамбыл бастауыш мектебінің алғашқы қоңырау салтанаты әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды. Тараған бейнежазбадан білім ордасының тозығы жеткені, мектеп ауласында инфрақұрылымның жеткіліксіз екені анық байқалады. Салтанатты шараға небәрі 15 оқушы қатысқаны да көпшіліктің назарын аударған. Ресми деректерде аталған мектепте алты мұғалім жұмыс істейтіні көрсетілген.
Желі қолданушылары бұл жағдайға бейжай қарамай, түрлі пікір білдірген. Кейбірі мектептің жағдайын сынға алып, мұндай көріністі тіпті Африка елдеріндегі мектептермен салыстырғанын жазған. Тағы бір оқырмандар ауылдағы білім беру нысанының жағдайы көңіл көншітпейтінін айтып, бұл балалардың болашағына кім жауап беретіні туралы алаңдаушылық білдірген.
Сондай-ақ, пікір қалдырғандардың арасында мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының тиімді жұмсалуына күмән келтіргендер де болған. Олар жыл сайын мектеп жөндеуге қомақты қаражат бөлінеді деген ақпараттарға қарамастан, нақты жағдай мүлде өзгеше екенін атап өткен.
"Африкада да мұндай мектеп жоқ шығар", "Ауыл молдасы сабақ беретін сияқты", "Бұл алты жасар Алпамыстан қалған мектеп емес пе?", "Осы мектепке оқу ағарту министірін "арнайы шақыртумен" шақырыңдар. Ұялмаса, көрсін", "Мынау ХХІ ғасырдағы қасірет қой", "Жылда жөндеу жұмыстарына 100-200 миллион теңге бөлінеді дейсің, бірақ мектептің түрі мынау", – деп жазғандар болды.
@qrnewskz Батыс Қазақстандағы ауыл мектебінің алғашқы қоңырауы талқыға түсті
♬ original sound - QRNewskz
"Небәрі 8 оқушы ғана қалған"
Ақтөбе облысында жабылу қаупіндегі ауыл мектептері мәселесі өзекті болып тұр. Велиховка ауылындағы білім ошағында қазір небәрі 8 оқушы ғана қалған. Мұның да жағдайы мәз емес.
Ауылда бар-жоғы 100-ге жуық адам тұрады. Жергілікті әкімдік көпбалалы отбасыларды көшіп келуге шақыруда. Ауылда жұмыс орны бар, газ тартылып жатыр. Алайда мектеп жабылса, балаларды 15-30 шақырым жердегі басқа елдімекендерге қатынауы қажет болады. Бұл ата-аналар мен балалар үшін үлкен қиындық туғызуы мүмкін.
Жергілікті билік әзірге нақты шешім қабылдамаған, бірақ мәселе ауыл тұрғындарын қатты алаңдатып отыр. Өңірдегі түйткілді мәселе бойынша Ақтөбе облыстық білім басқармасына хабарласқан едік, жауап беруден бас тартты.
@aral_news Ақтөбе облысындағы Велиховка ауылында мектеп жабылу қаупінде тұр. #AralNews #білім ♬ оригинальный звук - BRUNOᴇᴅɪᴛᴏʀ
"Астананың түбінде тұрсақ та мектепте жағдай жасалмаған"
Редакцияға оқырмандарымыздың бірі Әлия (аты өзгертілген) Ақмола облысы, Целиноград ауылы, Мортық ауылындағы мектептің жағдайы көңіл көншітерлік емес екенін айтады.
"Мектеп 1968 жылы салынған. Дәл қазір 32 оқушы ғана оқиды. Ауыл тұрғындары қалаға көшіп, ауыл қаңырап қалды. Бізде оқушы санына байланысты білім ордасы жабылу үстіне шақ тұр. Үкіметке салса, жауып тастау тиімді қаржы жағынан. Ал бізді аз болса да ауыл мен сондағы мектеп жұмыс күшін ұстап тұр. Балалар да мектепсіз қалады. Мектеп жабылса, ауыл талан-таражға салынып, жан-жаққа, күнкөріс қамы үшін көшіп кетуге мәжбүр. Астананың түбінде тұрсақ та мәселе шешілудің орнына, қиындап барады", – дейді ауыл тұрғыны Әлия.
Осы жағдайға қатысты Ақмола облысының білім басқармасы жауап берді. Ведомство мәліметінше, қазір мектепте 1-4 сыныптар аралығында 16 оқушы білім алады. Ал 5-9 сыныптарда 18 оқушы оқып жүр. Жалпы білім ордасында 8 сынып комплектісі бойынша 34 оқушы бар.
"Оқушылардың болмауына байланысты 2024-2025, 2025-2026 оқу жылында даярлық тобы ашылған жоқ. Мектепте жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Атап айтқанда, оқу кабинеттері мен дәліздерде ағарту және сырлау жұмыстары атқарылады. Сондай-ақ, мектеп аумағында қоршаулар мен терезелердіақтау, сырлау және жөндеу жұмыстары тұрақтытүрде орындалып келеді. Соңғы уақытта мектепке жаңа линолеум төселіп, есіктер орнатылды. Спорт залда да жылсайын жөндеу жұмыстары жүргізіледі", – деп түсіндірді білім басқармасы.
Мектептің жобалық қуаты 120 оқушы, яғни 1 уақытта 120 оқушыны қабылдай алады. Ал таңертеңгі және түстен кейінгі ауысымды есептесек 240 оқушыны қабылдай алады екен.
"Мектепте асхана жоқ"
Алматы облысы Ұйғыр ауданына қарасты Шошанай орта мектебі 1999 жылы салынған. Алайда арада ширек ғасыр өтсе де, мектепте әлі күнге дейін асхана жоқ. 130 орынға лайықталған білім ошағында балалар ыстық тамақтың орнына тар буфетте шай мен самсамен шектелуге мәжбүр.
Мектепте бүгінде жүзден аса оқушы білім алады. Оның ішінде ондаған бала әлеуметтік санатқа жатады және заң бойынша тегін ыстық тамақпен қамтылуы тиіс. Бірақ мектепте асхана болмағандықтан, бір бөлме қолдан жасалған буфетке айналған. Онда әрі кетсе 10-12 оқушы ғана сыяды.
Мектепте тек асхана емес, жылу мәселесі де бар. Мұғалімдердің айтуынша, қыста спортзал салқын болады. Ал кей кабинеттерге басқа мектептен әкелінген ескі батареялар орнатылған. Бұған қоса, білім ошағында жазғы спорт алаңы да қарастырылмаған.
Шекара маңындағы ауыл мектебінің қазіргі көрінісі ауыл тұрғындарының ашуын туғызған. Олардың сөзінше, балалардың сапалы әрі қауіпсіз білім алуы әлі күнге дейін кейінге ысырылып келеді.
Ұйғыр аудандық білім бөлімінің жауабында "Шошанай орта мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бір корпусы 1999 жылы салынғанын растады.
"Кейін ғимарат 2014 жылы толық жөндеуден өткізіліп, қайта пайдалануға берілген. 130 орындық. Қазір мектепте 108 оқушы білім алып жатыр. 2014 жылдан бері 12 жыл болды күрделі жөндеу болған жоқ", – деп пікір білдірді аудандық білім бөлімі.
"Оқушы санының азаюына байланысты жабылған"
Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданына қарасты Балуан ауылындағы мектеп бірнеше жылдан бері бос тұр. 1997 жылы салынған білім ордасы 2019 жылы оқушы санының азаюына байланысты жабылған. Соған қарамастан, жергілікті тұрғындар мектеп ғимаратын қараусыз қалдырмай, оны сақтап қалуға тырысып келеді.
Ауыл тұрғыны, ұзақ жылдар бойы осы мектепте ұстаз болған Бақытжан Анасқызы білім ордасын өз қарауына алып, оны бес жылға сенімгерлік басқаруға алған. Қазір ол Астанада тұрса да, туған ауылындағы мектептің тағдырына бейжай қарамайды.
"Мектептің сақталуы – ауылдың да сақталуы. Сондықтан тұрғындар білім ордасы бір күні қайта жанданып, ауылға жаңа өмір келеді деп үміттенеді. Егер бұл білім ошағы бұзылып кетсе, ауыл да құриды деген сөз. Қарайып тұрған мектептің өзі ауылға жан бітіріп тұр. Әлі де осы мектеп қалпына келіп, балалардың дауысы естіледі деп сенеміз", – дейді Бақытжан Анасқызы.
Тұрғындар демеушілер табылып, мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілсе, ауылдың қайта жанданатынына сенеді. Олардың айтуынша, ауылдың болашағы мектеппен тығыз байланысты.
Апатты, асханасыз, спортзалсыз мектептер: Қазақстандық ауыл оқушылары қандай мектептерде оқып жүр?