"7 жастағы қызымды сатсам, қалғандарын кем дегенде біраз жыл асырай аламын": Ауғанстанда аштықтан қиналған ата-аналар балаларын сатуға мәжбүр

Ауғанстанда кедейлік пен аштық шегіне жетіп, кейбір отбасылар аман қалу үшін балаларын сатуға мәжбүр болып отыр. Жұмыссыздық, гуманитарлық көмектің азаюы және медицинаның қолжетімсіздігі салдарынан мыңдаған адам күнкөріс үшін жан түршігерлік шешім қабылдауға мәжбүр болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
"Қыздарымды сатуға дайынмын"
Ауғанстанның Гор провинциясындағы Чагчаран қаласында күн сайын жүздеген ер адам жұмыс іздеп көше бойына жиналады. Көпшілігі бір күндік болса да табыс таба алмай, отбасын асырай алмай отыр.
Елдегі ауыр жағдай әсіресе қыз балаларға қатты әсер етіп жатыр. Жергілікті дәстүр бойынша күйеу жігіттің отбасы қалыңдық жағына ақша немесе сыйлық береді. Сондықтан кейбір отбасылар күнкөріс үшін қыздарын ерте жастан тұрмысқа беруге мәжбүр.
Жергілікті тұрғын Абдул Рашид Азими үйіне кіргізіп, жеті жастағы егіз қыздары Рокия мен Рохиланы көрсетті. Ол қыздарын құшақтап отырып, қандай қиын таңдау алдында тұрғанын айтып көзіне жас алды.
"Қыздарымды сатуға дайынмын. Мен кедеймін, қарызға баттым, еш шарасыз қалдым. Жұмыстан ернім кеуіп, аш әрі қажып ораламын. Сонда балаларым “Әке, бізге нан берші” дейді. Бірақ мен оларға не бере аламын?" – дейді ол.
Абдул қыздарын тұрмысқа беруге немесе үй қызметшісі ретінде сатуға дайын екенін жасырмады.
"Бір қызымды сатсам, қалған балаларымды кем дегенде төрт жыл асырай аламын", – дейді ол.
Ол Рохиланы құшақтап, бетінен сүйіп тұрып "Бұл жүрегімді жаралайды, бірақ басқа амал жоқ" деп жылады.
Ауғанстандық Саид Ахмад бес жастағы қызы Шаиканы туысына сатуға мәжбүр болғанын айтты. Қыздың аппендициті мен бауырынан киста анықталған соң, әкесінде операцияға ақша болмаған.
"Қызым өліп кетуі мүмкін деп қорықтым. Сондықтан оны сатуға мәжбүр болдым", – дейді қыздың әкесі Саид Ахмад.
Саид қызы үшін шамамен 3200 доллар (1 507 648 теңге) алған. Сол қаржыға операция жасалып, қыз аман қалған. Алайда бес жылдан кейін Шаика туысының үйіне кетуге тиіс. Ауғанстанда балаларды кәмелетке толмай тұрмысқа беру бұрыннан бар мәселе болғанымен, билікке Талибан келгеннен кейін қыздардың білім алуына және әйелдердің жұмыс істеуіне қойылған шектеулер бұл жағдайды одан әрі ушықтырған.
“Балаларым аштан өліп қала ма деп қорқамын”
Соңғы жылдары халықаралық гуманитарлық көмектің қысқаруы да жағдайды ауырлатып жіберді. Бұрын көптеген отбасы азық-түлік көмегін алып келген болса, қазір олардың көбі қолдаусыз қалған.
Тұрғындардың бірі Кайханның айтуынша, олардың үйінде көбіне тек нан мен ыстық су ғана бар. Оның жасөспірім ұлдары аяқ киім тазалап күн көреді, ал тағы бір баласы от жағуға қоқыс жинайды.
45 жастағы Джума Хан соңғы алты аптада бар болғаны үш күн ғана жұмыс тапқанын айтады. Оның сөзінше, балалары бірнеше күн қатарынан аш ұйықтаған.
"Балаларым аштан өліп қала ма деп қорқамын", – дейді ол.
Мұндай оқиғалар Ауғанстанда сирек емес. Елдегі гуманитарлық дағдарыс мыңдаған отбасының тағдырын қиын жағдайға душар етіп отыр.
БҰҰ мәліметінше, бүгінде Ауғанстан халқының төрттен үш бөлігі ең қарапайым қажеттіліктерін өтей алмай отыр. Елде жұмыссыздық деңгейі шарықтап, денсаулық сақтау жүйесі ауыр жағдайда қалған. Ал бұрын миллиондаған адамды азық-түлікпен қамтамасыз еткен гуманитарлық көмек көлемі айтарлықтай қысқарған.
Қазір Ауғанстанда аштыққа ұшыраған адамдар саны рекордтық деңгейге жетті. Сарапшылардың бағалауынша, 4,7 миллион адам, яғни ел халқының оннан бір бөлігінен астамы аштық шегіне таяп қалған.
Әсіресе Гор провинциясында жағдай өте ауыр. Мұнда күн сайын жұмыс іздеген ер адамдар алаңдарға жиналып, кез келген қара жұмысқа таласады.
Жергілікті тұрғын Раббанидің айтуынша, оның балалары екі күн бойы тамақ ішпеген.
"Маған балаларымның екі күннен бері аш отырғанын айтты. Сол кезде өз-өзіме қол жұмсағым келді. Бірақ одан отбасымның жағдайы түзелмейтінін түсіндім. Сондықтан жұмыс іздеп жүрмін", – дейді Раббани көзіне жас алып.
Тағы бір тұрғын Хваджа Ахмад та аштықтың салдарын ауыр қабылдап отыр.
"Біз аш отырмыз. Үлкен балаларым қайтыс болды. Отбасымды асырау үшін жұмыс істеуім керек. Бірақ жасым келген соң ешкім жұмыс бергісі келмейді", – дейді қария Хваджа Ахмад.
Алаң маңындағы наубайхана жұмысын бастағанда иесі халыққа қатып қалған нан таратады. Ашыққан адамдар бірнеше секунд ішінде нанды талап әкетеді. Бір сәтте мотоциклмен келген ер адам кірпіш тасуға бір жұмысшы іздейтінін айтқанда, ондаған адам оған қарай лап қойған.
Біз болған екі сағаттың ішінде жұмысқа небәрі үш адам ғана алынған. Ал маңайдағы қуаң төбелер мен Сиах-Кох жотасының қарлы шыңдары арасындағы шағын ауылдарда жұмыссыздықтың ауыр салдары анық байқалады.
Сарапшылардың айтуынша, Ауғанстандағы аштықтың негізгі себептерінің бірі халықаралық көмектің күрт қысқаруы. Бұрын елге ең көп көмек көрсеткен АҚШ өткен жылы қаржылық қолдаудың басым бөлігін тоқтатты. Ұлыбритания мен басқа да донор мемлекеттер де көмекті азайтқан.
БҰҰ дерегіне сәйкес, биыл Ауғанстан алған гуманитарлық көмек көлемі 2025 жылмен салыстырғанда 70%-ға төмендеген. Жағдайды күшейткен тағы бір мәселе құрғақшылық. Қуаңшылық елдегі провинциялардың жартысынан көбін қамтыған.
"Бізге ешкім көмектеспед. Үкімет те, үкіметтік емес ұйымдар да емес", — дейді ауыл тұрғыны Абдул Малик.
Талибан билігі қазіргі қиындықтарға бұрынғы үкіметті кінәлайды. Алайда халықаралық донорлардың елден теріс айналуына әйелдер мен қыздарға қатысты шектеулер де әсер еткені айтылады. Талибан өкілдері гуманитарлық көмекті саясатпен байланыстырмауға шақырып отыр. Билік кедейлікті азайту үшін ірі инфрақұрылымдық және тау-кен жобаларын іске асыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
“Бірнеше сағаттан кейін егіздердің бірі шетінеп кеткен”
Дегенмен сарапшылар ұзақмерзімді жобалар нәтижесін күткенше, миллиондаған адам шұғыл гуманитарлық көмексіз тірі қалмауы мүмкін екенін ескертеді. Ауғанстанның Кабул мен Гор провинциясында аштық пен медициналық көмектің жетіспеушілігі салдарынан балалар өлімі күрт көбейген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, көптеген сәби дұрыс тамақтанбау мен дәрі-дәрмектің жоқтығынан көз жұмып жатыр. Мохаммад Хашем бірнеше апта бұрын 14 айлық қызынан айырылған.
"Қызым аштық пен дәрі-дәрмек болмағандықтан қайтыс болды. Бала аш әрі ауру болса, оның өліп кететіні анық", – дейді Мохаммад Хашем.
Жергілікті ақсақалдардың сөзінше, соңғы екі жылда әсіресе дұрыс тамақтанбаудан болатын балалар өлімі айтарлықтай өскен. Ресми статистика жоқ болғанымен, зираттардағы балалар қабірінің көбеюі жағдайдың ауыр екенін көрсетеді. Чагчаран қаласындағы негізгі аурухананың неонатология бөлімінде барлық төсек орын бос емес. Кейбір төсекте екі сәбиден жатыр. Көпшілігінің салмағы төмен, тыныс алуы қиын. Мерзімінен екі ай бұрын туған егіз қыздардың бірі небәрі 1 келі, екіншісі 2 келі болып дүниеге келген. Дәрігерлер оларды бірден оттегі аппаратына қосқан.
Сәбилердің анасы, 22 жастағы Шакила жүктілік кезінде дұрыс тамақтанбаған.
"Ол жүктілік кезінде тек нан жеп, шай ғана ішті. Сондықтан қыздардың жағдайы осындай", – дейді егіздердің әжесі Гүлбадан.
Алайда бірнеше сағаттан кейін егіздердің бірі шетінеп кеткен.
"Дәрігерлер көмектесуге тырысты, бірақ ол қайтыс болды. Анасы бұл хабарды естігенде есінен танып қалды", – дейді әжесі.
Ауруханадағы медбике Фатима Хусейни кей күндері үш сәбиге дейін шетінейтінін айтады.
"Басында балалардың өлімін көру өте ауыр еді. Қазір бұл біз үшін қалыпты жағдайға айналып барады", – дейді медбике.
Неонатология бөлімінің меңгерушісі доктор Мухаммад Моса Олдат бөлімдегі өлім-жітім деңгейі 10 пайызға жеткенін айтып, мұны "қабылдауға келмейтін жағдай" деп атады. Дәрігерлердің сөзінше, ауруханада дәрі-дәрмек жетіспейді. Көп жағдайда ата-аналар қажетті препараттарды сырттағы дәріханадан өз ақшасына сатып алуға мәжбүр.
"Кейде жағдайы жақсы отбасыдан қалған дәрілерді басқа балаларға пайдаланамыз", – дейді медбике Фатима.
Қаржы тапшылығы ата-аналарды тағы да ауыр шешім қабылдауға итермелеп отыр. Жағдайы сәл жақсарған егіздердің бірін отбасы ауруханада ұстауға ақшасы жетпеген соң үйіне алып кеткен. Менингит пен пневмонияға шалдыққан Замир есімді сәби де дәл осындай себеппен ауруханадан шығарылған.
ОқыңызСоңғы жылдары халықаралық гуманитарлық көмектің күрт қысқаруы жағдайды одан әрі ушықтырған. АҚШ пен бірқатар батыс елдері қаржылай көмекті азайтқаннан кейін миллиондаған ауғандық азық-түлік пен дәрі-дәрмексіз қалған. Дәрігерлердің айтуынша, әсіресе балалар арасындағы өлім көбейген. Чагчаран қаласындағы ауруханада шала туған және аштықтан әлсіреген сәбилер саны артқан. Медбике Фатима Хусейни кей күндері үш нәрестеге дейін шетінейтінін айтады.
"Басында балалардың өлімін көру өте ауыр еді. Қазір бұл біз үшін қалыпты жағдайға айналып барады", – деді ол.
Дәрі-дәрмек тапшылығы мен ақылы емнің кесірінен көп отбасы балаларын ауруханадан ерте алып кетуге мәжбүр. Соның салдарынан сәбилердің өмірі қыл үстінде тұр.
Еске салайық, бұған дейін Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы жағдай шекара маңындағы қақтығыстардан кейін күрт ушыққан еді. Ақпан айының соңында Кабул билігі Пәкістан әскери күштеріне қарсы Дюранд сызығы бойында операция бастаған. Бұған Пәкістан әуе күштерінің Ауғанстан аумағына жасаған соққылары себеп болғаны айтылған. Кейін екі тарап бір-бірін бейбіт тұрғындарға шабуыл жасады деп айыптап, жағдай одан әрі шиеленісе түсті.
"Бір бие, бір жабағыдан бастадық": 40 жылдан бері жылқы баптап жүрген отбасы қымызмұрындықтың мәнін түсіндірді