Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Пәкістанның Ауғанстан астанасына жасаған әуе соққыларынан 400 адам қаза тапты

Фото: Видеодан скриншот

Пәкістанның Ауғанстан астанасы – Кабулға жасаған әуе шабуылдары салдарынан 400-ден астам адам қаза тауып, тағы 250-ден аса адам жарақат алды. Бұл туралы ауғандық Stan.kz ақпарат агенттігі Tolo News-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ауғанстанның жоғарғы көшбасшысының баспасөз хатшысы Забиулла Моджахедтің айтуынша, соққылардың бірі елордадағы реабилитациялық орталыққа түскен. 2000 төсек-орынға арналған орталық ғимараты қатты зақымданған.

Ал Ауғанстан үкіметінің өкілі Хамдулла Фитрат бұл туралы X әлеуметтік желісінде жазба жариялады.

“Сағат шамамен 21:00-де Пәкістан әскері 2 мың орынға арналған, есірткіге тәуелділерді емдеуге арналған “Омид” наркологиялық ауруханасына әуе соққысын жасады. Шабуыл салдарынан аурухананың едәуір бөлігі қирады, құрбандар санының көп болуы мүмкін деген алаңдаушылық бар. Қазір оқиға орнында өртті сөндіру және қаза болғандардың денелерін шығару жұмыстарымен құтқару топтары айналысып жатыр”, – делінген хабарламада.

Тәліптер бұл шабуылды “қылмыс әрі адамгершілікке жат әрекет” деп атап, оның жауапсыз қалмайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ болған оқиға үшін Пәкістанды айыптады.

CNN мәліметінше, Пәкістан премьер-министрінің баспасөз хатшысы Мошарраф Заиди бұл айыптауларды “жалған әрі қоғамды адастыруға бағытталған” деп жоққа шығарып, дүйсенбі күні жасалған соққылар тек Кабул мен Нангархар провинциясындағы әскери нысандарға бағытталғанын мәлімдеді.

Хабарларға қарағанда, ақпанның соңында Кабул билігі Пәкістан әскери күштеріне қарсы Дюранд сызығы бойымен – Ауғанстан мойындамайтын екі ел арасындағы шекара бойында операция бастаған. Бұл қадам Пәкістан әскери-әуе күштерінің бомбалауына жауап ретінде жасалған.


Пәкістан Ауғанстанға әуе соққысын жасады: Ондаған адам қаза тапты

Пәкістан Кабулға соққы жасап, тәліптер үкіметіне "ашық соғыс" жариялады


Оқиғаға Халықаралық адам құқықтарын қорғау қоры да пікір білдірді. Қор өкілдері X әлеуметтік желісінде мәлімдеме жариялады. Қор емдеу, оңалту және гуманитарлық көмек көрсетуге арналған мекемелер ешқашан қақтығыстар мен қауіпсіздік операцияларының нысанасына айналмауға тиіс екенін ашық айтты.

“Халықаралық адам құқықтары қоры Пәкістанның Кабулдағы (Ауғанстан) есірткіге тәуелділерді емдейтін оңалту ауруханасына бомбалық шабуыл жасағаны туралы хабарламаларды қатаң айыптайды. Алдын ала мәлімет бойынша, медициналық көмек пен оңалтуға жүгінген осал науқастардың көпшілігі қаза тапқан”, – делінген мәлімдемеде.

Қор емдеу, оңалту және гуманитарлық көмек көрсетуге арналған мекемелер ешқашан қақтығыстар мен қауіпсіздік операцияларының нысанасына айналмауға тиіс екенін ашық айтты.

“Мұндай мекемелердегі науқастар – қоғамның ең осал топтарының бірі. Олар көмек сұрап, өмірін қайта бастауға мүмкіндік іздеген адамдар. Құрбандардың көпшілігі ем қабылдап жатқан қарусыз бейбіт тұрғындар болғаны туралы мәліметтер бізді қатты алаңдатады”, – делінген мәлімдемеде.

Айта кетейік, бұл жағдайлар өткен айдың соңында екі ел арасында туындаған қақтығыстың ушыға түскенін көрсетіп отыр. Ол шекара маңындағы бірқатар қақтығыстармен, сондай-ақ Ауғанстан аумағындағы әуе соққыларымен қатар жүрді.

Қақтығыстар Ауғанстан Пәкістанның ел ішіндегі әуе соққыларына жауап ретінде шекарааралық шабуылдар бастағаннан кейін өршіді. Кабулдың мәліметінше, бұл соққылар салдарынан бейбіт тұрғындар қаза тапқан.

Қақтығыстың ушығуы қазан айында Қатардың арағайындығымен қол жеткізілген атысты тоқтату режимін бұзды. Ол кезде қақтығыстар салдарынан ондаған сарбаз, бейбіт тұрғын және күдікті содырлар қаза тапқан еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 17 Наурыз, 2026 09:56