Ит иесінің екі жасар баласын қасқырдан құтқарып, өзі мерт болды

Италияда қасқыр үйдің ауласына кіріп кетіп, екі жасар балаға тап берген. Сол сәтте отбасының иті баланы қорғап, жыртқышқа қарсы ұмтылған. Сәби аман қалғанымен, жеті жастағы Дестини есімді ит қасқырмен арпалыс кезінде мерт болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Need To Know-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы оқиға Италияның Тоскана аймағындағы Орбиччано елдімекенінде болған.
40 жастағы Паула мен оның 39 жастағы күйеуі Томмазо үйінің жанында ас әзірлеп жатқан. Ал олардың екі жасар ұлы аулада Дестинимен бірге ойнап жүрген. Үйдің ауласы қоршалмаған.
Отбасының айтуынша, сол сәтте орман жақтан салмағы шамамен 60-70 келі болатын ірі қасқыр жүгіріп шыққан. Жыртқыш бірден кішкентай балаға қарай ұмтылған.
Осы кезде салмағы небәрі 22 келі болатын Дестини баланың алдына тұрып, қасқырға қарсы шапқан. Иелері оны бұрын қорқақтау ит деп санап келген. Алайда бұл жолы ол еш тайсалмай, баланы денесімен қалқалап, жыртқышты қуып жіберуге тырысқан.
Қасқыр мен иттің арасында арпалыс басталған.
“Ол мені де, ұлымды да құтқарды. Бұрын бейтаныс адамдардан қорқып, тек үретін. Ал сол сәтте ол ештеңеден сескенген жоқ”, – деді Томмазо.
Паула айғай-шуды естіп, аулаға жүгіріп шыққан кезде қасқыр Дестиниді тамағынан тістеп, орманға қарай сүйреп бара жатқанын көрген.
“Оны қоян секілді алып кетті”, – деді әйел көз жасын тыя алмай.
Ерлі-зайыпты жыртқыштың соңынан орманға кірген. Қалың бұтаның арасымен жүргенде денелерін жарақаттап алған. Кейін Томмазо өзен маңынан иттің денесін тапқан. Бірақ қараңғы түсіп, қасқырдың әлі де жақын жерде жүргені байқалған соң, отбасы көршісімен бірге үйге қайтуға мәжбүр болған.
Келесі күні таңертең қайта барған кезде иттің денесі жоғалып кеткен. Оны сол қасқыр немесе үйірдегі басқа жыртқыштар алып кеткен болуы мүмкін. Оқиға орнында иттің басы, құйрығы мен бір аяғы ғана қалған.
Дестини бұл отбасымен жеті жыл бірге өмір сүрген. Күшік кезінде оны әлдекімдер қапқа салып тастап кеткен жерінен тауып алып, асырап алған екен.
Паула иттің адалдығы ұлының өмірін сақтап қалғанына сенімді.
“Дестини болмағанда баламыздың не боларын елестетудің өзі қорқынышты. Жақын маңдағы басқа балаларға да қауіп төнуі мүмкін еді”, – деді ол.
Оқиғадан кейін жергілікті полиция тұрғын үйлер маңында қасқырлардың жиі көріне бастағаны туралы хабарламаларға байланысты тексеру жүргізген.
Экологтардың мәліметінше, Тоскана аймағындағы қасқырлар саны шамамен мыңға жеткен. Мамандар ауылдық елдімекендердегі тұрғындардың қауіпсіздігін күшейту қажеттігін айтып отыр.
"Бір бие, бір жабағыдан бастадық": 40 жылдан бері жылқы баптап жүрген отбасы қымызмұрындықтың мәнін түсіндірді
Оқыңыз