Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Пышақтың қалтама қалай түсіп кеткенін байқамадым": Күдікті Шерхан Аймахан сотта оқиғаның қалай болғанын өз нұсқасында айтты

сот
Фото: Скрин

Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты іс бойынша сотта күдікті Шерхан Аймахан жауап берді. Ол өзіне тағылған айыптарға қатысты пікірін айтып, Нұрайдың өзі бірінші пышақ сұқты деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Үнемі мазақ қылып, қорлады”

Соттағы жауабында ол Нұраймен бірге тұрған адамдарды танитынын, оларға жазған хабарламаларының себебін түсіндірді.

“Иә, танимын. Олар туралы Нұрайдың өзі айтқан еді. Оларға жазу себебім болды. Нұрай мені мазақтап, қорлап, ауыр сөздер айтқаннан кейін сондай хабарламалар жаздым. Сол кезде өмір сүргім келмей, қолымды да кестім. Сол күні полиция қызметкерлері де келген. Егер уақытын салыстырсаңыздар, бәрі сол күні болған. Мен еш себепсіз жазған жоқпын”, – деді Аймахан.

Сотталушының сөзінше, Нұрайдың үйіне жанжал шығару үшін емес, туған күнімен құттықтап, онымен сөйлесу үшін барған.

“Нұрайдың туған күнімен құттықтайын деп бардым. Сыйлық жасағым келді. Ол қай үйде тұратынын Нұрайдың өзінен естіген едім. Мақсатым ұрыс шығару емес, кездесіп, не үшін бұлай істеп жүргенін сұрау болды”, – деді ол.

Аймахан сотта бұрын екеуінің қыз-жігіт болып жүргенін, кейін Нұрайдың әрекеттері өзіне ауыр психологиялық тұрғыда әсер еткенін айтты.

“Басында қыз-жігіт ретінде жүрдік. Кейін сондай әрекеттерімен жан күйзелісіне түсірді. Үнемі мазақ қылып, қорлап, ауыр сөздер айтатын еді. Мен тек соның себебін білгім келді”, – деді сотталушы.

Ол өзіне тағылған бірнеше мәрте қоңырау шалу туралы дерекпен де келіспейтінін жеткізді.

“76 рет қоңырау шалған деп айтылып жатыр. Бірақ бұл мүмкін емес. Менің де өз жұмысым, өз өмірім бар. Бір адамға тоқтаусыз хабарласа беру мүмкін емес. Ондай қоңыраулардың қалай есептелгенін білмеймін”, – деді Аймахан.

Нұрай қаза болған күн күдіктінің нұсқасымен

Сотталушы оқиға болған күнді де егжей-тегжейлі баяндады. 

“11 қаңтар күні сағат 12 шамасында ояндым. Әкем шақырғаннан кейін қойханаға бардым. Кейін болған жағдайлардан кейін Нұраймен қоштасып, қарым-қатынасты үземін деп шештім. Сағат 18:00-де “Грамад” сауда орталығының алдында кездесуге шақырдым. Ол келісті. Оған сақинаны қайтарып, қоштасқым келді”, – деді ол.

Аймаханның айтуынша, кездесуде жағдай күтпеген жерден шиеленіскен.

“Мен “қоштасайық, әркім өз жолымен кетсін” деген кезде Нұрай ашуланып, сақинаны оң қолымен жол бойына лақтырып жіберді. Сол кезде арамызда жанжал басталды", – деді сотталушы.

Ол көлігіне отырған кезде қалтасына пышақтың қалай түсіп кеткенін байқамағанын айтты.

“Кездесуге дейін көлікте отырдым. Бардачокты ашқанда ішінде тұрған пышақтарды көрдім. Телефонымды іздеп жүріп, оларды қолыма алдым. Сол кезде пышақты киімімнің қалтасына салып қойғанымды байқамай қалыппын. Сағат 17:57-де көліктен түсіп, кездесуге асықтым. Мен уақытында жүретін адаммын, сондықтан 18:00-ге кешікпеуге тырыстым”, – деді ол.

Сотталушының сөзінше, Нұрай өзін тағы да мазақтағаннан кейін ол кетіп қалмақ болған. Алайда кейін екеуі қайта кездесіп сөйлескен.

“Нұрай бұрын маған темекі шегуді үйреткен. Сол күні де темекі шегіп тұрған еді. Біраз уақыт өткен соң тағы да мені мазақ қылып жатыр деп ойлап, көлігіме қарай кетіп бара жаттым. Кейін оның кездесетін жерге асығып келе жатқанын көріп, өзім де қайта барып сөйлестім”, – деді Аймахан.

Аймаханның айтуынша, жанжал кезінде қалтасындағы пышақты өзі шығарғанымен, оны Нұрайға ұстатқан.

“Қалтамда екі пышақ бар екенін сол кезде сездім. Кішкентай пышақты алып, Нұрайға “ұрғанша, пышақта” деп ұсындым. Ол пышақты қолына алып, кейін сол қолымен менің оң жақ тұсыма сұқты. Мен кейін шегіндім. Сол сәтте аффект жағдайында болдым. Одан кейін не болғаны мүлде есімде жоқ”, – деді сотталушы.

“Тағылған айыпты толық мойындамаймын”

Сот отырысында Шерхан Аймахан өзіне тағылған айыптарды толық мойындамайтынын меңзеді. Ол тергеу кезінде берген жауаптарының бір бөлігі өзінің нақты айтқан сөздері емес болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

“Істің толық мән-жайы айтылып жатқан жоқ. Нұрай қаза болған күннің кей сәті есімде жоқ деп жауап берген едім. Ол кезде аффект жағдайында болдым. Тергеушілер қағазға нақты не деп жазғанын, қалай түсіргенін білмеймін. Ол кезде дене жарақатынан қорқып, өзім отырып жауап беруге де мүмкіндігім болмады. Құжаттарды тергеушілер өздері толтырды. Соны қарап шығуларыңызды сұраймын”, – деді Аймахан.

Ол Нұрай Серікбайды алғаш рет былтыр 14 маусым күні көргенін айтты. Айтуынша, сол кезде Нұрайдың жанында анасы болғандықтан сөйлесе алмаған.

“Нұрайды алғаш рет 14 маусым күні көрдім. Сол жерде оның телефон нөмірін таныстарым арқылы алдым. Жұмысқа асығып тұрғандықтан және жанында анасы жүрген соң жеке сөйлесе алмадым. Кейін WhatsApp арқылы ғана сөйлесе бастадық”, – деді ол.

Аймаханның сөзінше, Нұраймен араласқанын растай алатын адамдар сотқа шақырылған.

“Біздің араласқанымызды растайтын адамдар бар. Нұраймен бірге жүрген кезімізді ағам Дархан, сыныптасым Ілиясов Дәулет біледі. Ал Нұрайдың құрбыларын танымаймын. Өйткені Нұрай олар туралы өзі айтып жүретін”, – деді сотталушы.

Сотталушы өзіне жүргізілген психологиялық-психиатриялық сараптама туралы да айтты.

“Маған бірнеше сараптама жасалды. Диагнозымда “аралас ойлар мен әрекеттер” деген қорытынды бар. Мұндай жағдай менде Нұрайға дейін де, одан кейін де болған. Бұл 2019 жылы бассейнге секірген кезде басымнан жарақат алған соң басталды. Бассейннің бетон жиегіне басымды соғып алғанмын. Содан бері мұндай жағдайлар қайталанып тұрады”, – деді Аймахан.

Ол оқиға кезінде Нұрай өзіне соққы жасаған соң есін білмей қалғанын мәлімдеді. 

“Бұған дейін де айтқандай, “Грамад” сауда орталығының алдында маған соққы жасалған соң есімді жоғалтып алдым. Сол сәттен кейін не болғаны есімде жоқ”, – деді ол.

Аймаханның айтуынша, есін бір тәуліктен кейін ғана жиған.

“Бір күннен кейін ғана есімді жидым. Қай күні полиция бөліміне жеткізілгенімді кейін ғана уақытпен салыстырып түсіндім. Есімді жиғанда өзімнің жазық далада жүргенімді түсіндім. Не болғанын түсінбедім. Жолға шығып, өтіп бара жатқан көліктерді тоқтаттым. Екі көлік тоқтамай кетті, үшіншісі тоқтап, алып кетті. Сол кезде ғана бірдеңе болғанын түсіне бастадым”, – деді ол.

Сотталушының сөзінше, есінен айырылу жағдайы бұған дейін де болған.

“Менде бұрын да осындай жағдайлар болған. Кейде бір күн, екі күн, тіпті бір аптаға дейін не болғанын есіме түсіре алмаймын. Өзім жүре беремін, бірақ кейін ештеңе есімде қалмайды”, – деді Аймахан.

Сот барысында пышақтардың қай жерде болғаны да сұралды. Аймаханның айтуынша, есін жиған кезде екі пышақ та өзінде болған.

“Үлкен пышақ бір қалтамда, кішкентай пышақ екінші қалтамда болды. Есімді жиған кезде жүруге ыңғайсыз болған соң екеуін де қалтамнан шығардым”, – деді сотталушы.

Сонымен қатар Аймахан Нұрайға бұрын ақша аударып тұрғанын да айтты.

“Kaspi арқылы бөліп-бөліп жіберген ақшаларымның жалпы сомасы 218 мың теңге. Оған қоса 250 мың теңгені қолма-қол бергенмін. Барлығы 400 мың теңгеден асады. Қазір іс материалдарында тек Kaspi арқылы аударылған сомалар ғана бар”, – деді ол.

Ол тұрақты жұмысы бар екенін де мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Биыл қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.

Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.

Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады. 

Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап еткен.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 28 Шілде, 2026 15:28
Талқылау